Байлық тиыннан басталады...

Байлық тиыннан басталады...

Әрбір сенбі сайын ақ қоян баласын ертіп алып, ор қоянның дүкеніне сауда жасау үшін келеді екен. Көтерме бағамен азық-түлік сататын қоянның дүкені көпке танымал, басқа да жан-жануарлар осы жерге жиі басын сұғып тұрады. Ақ қоян аса бай емес және отбасын асырау үшін күндіз-түні жұмыс істейтін. Әке мен бала әдеттегідей бір арба азық-түлікті алдарына салып, кассаға қарай жақындай бастайды. Жол бойында әмиянын ашып келе жатқан қоян байқаусызда тиынын түсіріп алады. Баласы дөңгелеп бара жатқан тиынды байқап қалады да, әкесіне ескертеді:

– Әке, сен тиыныңды түсіріп алдың, Әне қарашы!

– Ой, оны қайтесің?! Балам, бұл ұсақ-түйек, бәрібір оған ештеңе де сатып ала алмайсың. Керек десең, беліңді бүгіп, жерден көтергенге де татымайды. Жата берсін, керек адам өзі алады, – дейді әкесі.

Тиын көзге көрінетін жерде ұзақ уақыт бойы жатты. Ары-бері өткен сатушылар да оны көрді, бірақ, ешкім де тиынды алуды маңызды деп таппайды. Теуіп кетіп жатқандар да бар, аяқтың астында қалған тиын кірлеп, сырылып кетті.

Келесі күні әйелі мен баласын ертіп алған борсық дүкен табалдырығын аттайды. Борсықтың тұрмысы жақсы, қалтасы қалың болатын. Солай бола тұрғанымен, арзан бағамен сатылатын дүкендерге барып, керектерін жеңілдіктермен сатып алып жүретін еді. Ор қоян да мұндай сатып алушыны жоғары бағалайтын және әрдайым жеңілдіктер жасап жүретін. Борсық кассаға жақындай бергенде жерде жатқан тиынды көреді. Өз айналасына беделді, ақшаға мұқтаж емес болса да, борсық еш қысылмастан сол тиынды көтереді. Оны орамалмен жақсылап сүртеді де, әмиянына салып қояды. Содан кейін баласына бұрылып:

– Балам, бұл тиын менің келесі миллионымның бастамасы болады. Мен жас болғанда, сенің атаң әрдайым: "Ақша тиыннан құралады" дегенді айтатын. Атаң әрбір ұсақ-түйекті бағалауды үйретті және соның арқасында мен осындай бай, бақуатты болдым, - деген екен.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com