"Атомды бағындырдық, бірақ нанымымыз соқыр..."

"Атомды бағындырдық, бірақ нанымымыз соқыр..."

70-80 жылдардың атақты сатиригі әрі шешені Джордж Карлин әйелі қайтыс болған кезде тәлімі көп мақала жазады. Бұл мақала бүгінде өзектілігінен айрылмаған. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді...

Біздің заманның парадоксы мынада – біздің биік әрі зәулім үйлеріміз бар, бірақ төзімділік деңгейіміз төмен, кең жолдарымыз бар да, көзқарасымыз тар.

Көп ақша жұмсаймыз, алғанымыз аз-ақ...

Көп сатып аламыз, аз қуанамыз...

Үлкен үйлеріміз бар да, отбасымыз кішкентай...

Жағдайымыз өте жақсы, бірақ уақытымыз аз...

Үздік біліміміз бар да, ақылымыз аз..

Біліміміз мықты да, жағдайды оңтайландыра алмаймыз...

Мамандарымыз көп те, проблемаларымыз одан да көп...

Үздік медицинамыз бар да, денсаулығымыз нашар...

Көп ішеміз, көп шегеміз, жауапсыз көп қаржы жұмсаймыз, бірақ аз қуанамыз...

Жылдам жүреміз, бірақ өте оңай өкінеміз...

Кеш ұйықтаймыз, ұйқымыз қанбайды...

Аз оқимыз, теледидар көп көреміз...

Көпке қызығамыз, бірақ құндылықтарды азайттық...

Көп сөйлейміз, аз жақсы көреміз және көп жек көреміз...

Қалай өліп қалмауды білеміз, бірақ өмір сүре алмаймыз...

Өмірге жылдарды қосамыз, бірақ жылдарға өмірді қоспаймыз...

Айға ұшып, қайтып келдік, бірақ көшеден өте салуға ерінеміз және жаңа көршілермен таныса бермейміз...

Ғарыш кеңістігіне бойлаймыз, бірақ рухани кеңістікке ене алмаймыз...

Үлкен іс жасаймыз, бірақ үздік іс жасай алмаймыз...

Ауаны тазартамыз, бірақ жанымызды тазартпаймыз...

Атомды бағындырдық, бірақ нанымымыз соқыр...

Көп жазамыз, бірақ аз білеміз...

Көпті жоспарлаймыз, бірақ аз жасаймыз...

Тездетуді үйрендік, бірақ күте алмаймыз...

Жадыда көп ақпарат сақтай алатын компьютерлер жасадық, бірақ араласпаймыз...

Бұл тез тамақтану мен нашар ас қорыту уақыты, үлкен адамдар мен майда жандардың, оңай табыс пен күрделі қарым-қатынастың заманы...

Көп үйленеміз, бірақ одан да көп ажырасамыз...

Әдемі үйлеріміз бар, бірақ ошағымыз өшкен...

Бұл уақыт жақын қашықтықтың, бір реттік пайдалануға болатын заттардың, бір түнгі байланыстың заманы...

Артық салмақ пен дәрілердің заманы. Олар бізді қоздырады, тыныштандырады, сосын өлтіреді...

Жарнамасы көп, тауары аз заман...

Бұл хаттың технология арқылы сізге барып, оны өзгеге тарату немесе "Delete" батырмасын басып өшіре салуға болатын заман...

Естеріңе сақтаңдар, жақсы көретін адамдарыңа көп уақыт бөліңдер, себебі олар сендермен мәңгілік бірге емес...

Естеріңе сақтаңдар, жақын адамды қатты қысып құшақтаңдар, себебі олар шын жүректен қуаныш сыйлай алады...

Естеріңде сақтаңдар және «мен сені жақсы көремін» деп айтыңдар, бірақ оған дейін шынымен де сезіне біліңдер...

Шын жүректен құшақтау мен сүю қандай да жағдайды түзей алады...

Естеріңде сақтаңдар да қол ұстасыңдар, бірге болған сәттерді бағалаңдар, себебі ол адам бір уақытта жандарыңда болмай қалуы мүмкін...

Махаббатқа уақыт табыңдар, қарым-қатынас үшін уақыт тауып, оны өзгелермен бөлісіңдер...

Себебі өмір сендердің дем алуларың мен дем шығаруларыңмен есептелмейді. Өмір бірге болған сәттеріңді сезіне білумен өлшенеді!

Аударған: Ардақ Құлтай

Сурет: standup-sreda.ru

А. Құлтай