Табысқа жетудің құпия рецепті болмайды

Табысқа жетудің құпия рецепті болмайды

Бір оқушы ұлы пәлсапашы Сократқа: «Ұстаз, қалай істегенде сіз сияқты мол білімді үйренуге болады?» деп сауал қойыпты.

Сократ бұл сауалға нақты жауап бермей, шәкірттеріне қарап: «Біз бүгін ең қарапайым және үйренуге оңай әрекетті жасаймыз. Барлықтарың қолдарыңды алдыға созып, білектеріңді түзу ұстаңдар. Осылайша күштеп алдыға соза түсіңдер. Сосын, қолдарыңды арт жаққа қарай серпіп лақтырыңдар! – депті. Ол айтып болғасын, өзі бұл әрекетті көрсетіп береді. – Әрбір адам осы әрекетті бүгіннен бастап күніне 300 реттен жасауларың керек. Жә, шәкірттер, мұны орындай аласыңдар ма?»

Шәкірттері: «Мұндай қарапайым дүниені әрқандай адам жасай алады!» деп күліп, шулай жөнеледі.

«Бұл әрекетті қаншауың әрі жалғастырып жүрсіңдер? – деп сұрапты Сократ бір айдан кейін. Шәкірттерінің оннан тоғызы қолдарын көтеріпті. Уақыт зулап бір жыл да өте шығыпты. Бір күні ұстазы аяқ астынан, - әлгі менің тапсырмамды қаншауың жалғастырып жүрсіңдер? – деп тағы сұрапты. Дәл осы кезде тек бір оқушы ғана қолын көтеріпті. Бұл оқушы дәл грек жұртының тағы бір ұлы философы Платон екен. Дәл сол кезде Сократ сөзін сонау арыдан қозғайды, - Әрқандай адамның табысқа жеткісі келеді. Әрқандай адам табысқа жетудің құпия рецептіне қол жеткізгісі келеді. Бірақ, табысқа жету тек ауыздағы сөзбен ғана жүзеге асатын дүние емес. Біз шындығында өте қарапайым дүниені жасаудан жалтарып кете береміз. Сол себепті жеңіске жетудің ауылы бізден алыстай береді. Сөзіміздің түйіні табысқа жетудің құпия рецепті болмайды. Бірақ, қайталау мен қайтпас қайрат оның қозғаушы күші болады» деген екен.

 

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: narod.ru