Пиццаның пайда болу тарихы

Пиццаның пайда болу тарихы
Фото: unsplash.com

Көпшіліктің сүйікті тағамы пицца бізге ежелгі заманнан келді. Ежелгі адам тасқа және шоққа таба нан пісіретін болған. Уақыт өте таба нанды зәйтүн майына пісіріп, тағы біраздан соң оған шөптер сеуіп, маусымға қарай әртүрлі көкөністер қосып дайындаған. Бұл тамақты үйден алыс жерде жеу ыңғайлы әрі тойымды болған.

Кей зерттеушілердің айтуынша, этрускандар тайпасы таба нанды қалқандарында дайындаған және олар нанға ірімшік пен құрма (финики) қосқан. Ежелгі Мысырда ашытқы пайда болған кезден бастап, таба нанды ашытылған қамырдан дайындай бастаған.

Уақыт өте бұл тағамның рецептісі Ежелгі Грекия мен Римге жетеді. Ол жақта таба нан қазіргі пиццаға ұқсай түседі. Оған көкөністер, зәйтүн, ірімшік және ет қосып дайындады. Ингредиенттерді шикі қамырға қойып, оларға зәйтүн майын құйып, содан соң пеште пісірген. Ежелгі Грекияды оны плакунтос (plakuntos) деп атады. Бұл тағам атауын ежелгі грекиялық филосовтардың мәтіндерінен кездестіруге болады.

Ұзақ уақыт бойы таба нан кедейлердің және орта таптың тағамы саналды. Алайда бұл тамақ текті адамдардың арасында да кең қолданылды, дегенмен рецептісі үйреншіктіден басқаша болғаны рас.

Пиццаның бал және лавр жапырақтары қосылып дайындалған әдісі көрсетілген сипаттамалар бар. Әдетте, бұл рецептіні римдіктер қолданған. «Picea» деп аталатын таба нан римдіктерге гректерден емес, Палестинадағы легионерлерден келген деген де нұсқа бар.

Кей зерттеулер пиццаға ұқсайтын таба нанды викингтер пісіргенін айтады. Олар да қамырға көкөністер, балық немесе ет қосқан. Бұл тағы да тағамды дайындаудың жеңілдігі мен әмбебаптылығын көрсетеді.

Уақыт өте пицца бізге үйреншікті түріне қатты ұқсай бастайды. XVI ғасырда Еуропада қызанақтардың (томат) қауіпті көкөніс емес екенін түсініп,  оны қамырға салынды ретінде қоса бастайды. Кейін XVII ғасырда пиццайоло деген мамандық пайда болды, ол қазір де бар. Пиццайоло пиццаны ертемен пісіретін: портты қалада теңіз өнімдерінен дайындалған тағам танымал болды. Келесі ғасырда арнайы пештері, мәрмәр үстелдері мен орындықтары, дайын пиццалары бар пиццериялар пайда болды.

XIX ғасырда пицца бүкіл Италия бойынша танымал болды, бірақ әр аймақта оны дайындаудың өз ерекшеліктері сақталды: әр жерде таба нанды пісіру әдісі, қамырдың жұмсақтығы мен қалыңдығы ерекшеленеді.

Қазіргі мәзірлерден «Нью-Йорк» пиццасын кездестірген боларсыз? Пиццаға мұндай атау кездейсоқ берілмеген. Бұл пиццаның рецептісі Америкада ойлап табылған. Оның үйреншікті пиццадан айырмашылығы — нанының шетінде. Біріншіден, ол «итальяндыққа» қарағанда биіктеу, екіншіден, ол қайырылған. Сондықтан нанның ішіне көбірек салынды салуға болады. Сондай-ақ «жапондық пицца» бар. Оны дайындаудың басты ережесі — әркім таба нанға қалаған салындыны сала алады, бірақ оның бір шарты бар: пиццаға кептірілген тунец себу керек.

А. Жапатова