Кофеге қанттың орнына не қосуға болады?

Кофеге қанттың орнына не қосуға болады?
Фото: unsplash.com

Кез келген диетолог кофенің өзін таза күйінде немесе оған лимон немесе зімбір қосып ішуді ұсынады. Дұрыс тамақтануды ұстанатын адамдар кофеге қант пен сүт қоспауға тырысады. Алайда оның ащы дәмі барлық адамға бірдей ұнай бермейді. Ағзаға зияны тимес үшін кофеге қанттың орнына қандай тәттілендіргіштер қосуға болатынын ұсынамыз.

Кокос қанты

Кокос қантын дұрыс тамақтану өнімдерін дайындауға кең қолданады. Ол —шынымен де ақ қантқа пайдалы балама. Бұл тәттілендіргішті кокос пальмаларында өсетін гүлді бүршіктердің шырынынан дайындайды. Оның құрамында күйзеліспен күресуге көмектесетін әрі энергиямен қуаттайтын В1, В2, В3, В6 дәрумендері және ағзаның метаболизмдік қызметіне көмектесетін глутамин қышқылы бар. Кокос қантының гликемиялық индексі жоғары емес, сондықтан ол қандағы глюкозаның күрт артуына әкелмейді.

Үйеңкі шәрбаты

Кей адамдар үйеңкі шәрбатын құймақтар мен вафляға құяды. Оны сондай-ақ кофеге тәтті дәм беру үшін қосуға болады. Әрине, онда қант пен калория көп, алайда аз мөлшерде ол ағзаға пайдалы. Шәрбат мырышқа және магнийге бай. Үйеңкі шәрбатының да гликемиялық индексі төмен.

Бал

Бал да қарапайым ақ қант секілді қандағы қант деңгейін күрт арттырып жібере алады. Сондықтан аштық сезімі артады, ал ұзақ мерзімді қолданыста артық салмақтың қосылуына және созылмалы аурулардың дамуына ықпал етеді. Бірақ бұл жағымсыз салдарлардың барлығы балды бақылаусыз қолданғаннан болады. Егер балды күніне 1-2 шай қасықтан артық жемесеңіз, ағзаға оның зияны тимейді. Табиғи бал — антиоксиданттар көзі. Олар жасушаларды бос радикалдардың зақымдануынан қорғайды, тері жағдайын жақсартады және қартаю процестерін болдырмайды. Табиғи балдың құрамындағы белсенді заттар жүрек денсаулығына жағымды әсер етеді: «жаман» холестерин деңгейін төмендетіп, жүрек бұлшықетін қатайтады. Алайда балды қыздырса, ол бұл қасиеттерін жоғалтып алады. Сондықтан балды кофеге салмай, оны қасықпен аздап жеп отырып кофе ішкен пайдалы.

А. Жапатова