Кепкен өрікті күнде жеуге 3 себеп

Кепкен өрікті күнде жеуге 3 себеп

Дәрігерлер кепкен жемістердің ағза үшін пайдасы мол екенін айтып, сол үшін оларды зиянды тіскебасарлармен ауыстыруды жиі ұсынып жатады. Ендеше, әр үйдің дастарханынан кездестіруге болатын кепкен өріктің адам ағзасына қандай пайдасы бар?

Кепкен өрік дәріханада сатылатын полидәрумендері бар құтыларды ауыстыра алады. Оның құрамында калий, магний, фосфор, темір, бета-каротин,  С, Е, В1, В2, РР дәрумендері, флавоноидтар және басқа да денсаулыққа қажетті заттар бар.

Өрік — жаңа піскен түрінен гөрі кептірілген түрі пайдалырақ келетін жемістердің бірі. Өрік кептірілген соң ондағы бета-каротин мөлшері — 2 есе, Е дәрумені, калий, кальций, фосфор және темір — 5 есе, тағамдық талшықтар — 9 есе, магний — 13 есе артады. 

1. Антиоксиданттар

Бұл заттар ағзаны еркін радикалдардың қауіпті әсерінен және майлардың артық қышқылдануынан қорғайды, сондай-ақ иммунитетті көтереді және ісіктердің пайда болу қаупін төмендетеді. Кепкен өріктің құрамында бета-каротин, С және Е дәрумені, флаваноидтар, кальций және темір секілді маңызды антиоксиданттар бар. Олар бірге жүрек жұмысын жақсартуға, жоғары қан қысымын төмендетуге және ісінуді басуға көмектеседі. Ал бета-каротин сондай-ақ көруді жақсартып, шырышты қабықты қабынудан қорғайды.

2. Темір

Кепкен өріктің тағы бір артықшылығы — темір жетіспеушілігін (анемия) болдырмауға көмектесуі. Сондықтан дәрігерлер болашақ немесе жас аналарға күніне бір уыс кепкен өрік жеуді ұсынады.

3. Тағамдық талшықтар

Олар тамақтың ішектер арқылы жылдам өтуіне және пайдалы микрофлораның өсуіне көмектеседі. Кепкен өрікті күнде жесеңіз, іш қату секілді жағымсыз проблема болмайды. Тағамдық талшықтар майлар ауысуын жақсартып, дене сымбаттылығын сақтауға көмектеседі.