Зімбірді қалай сақтаймыз?

Зімбірді қалай сақтаймыз?
Фото: pixabay.com

Зімбір – қабынуға және бактерияға қарсы қасиеттерге ие өнім. Ол балғын түрінде де, ұнтақталған күйінде де дәрумендер мен микроэлементтердің көзі болып табылады. Зімбір тамырының жарамдылық мерзімі сақтау шарттарына қарай бір айдан екі жылға дейін өзгеріп тұрады. Бұл шығыс дәмдеуішінің пайдалы қасиеттерін ұзаққа дейін сақтаудың жолдарын қарастырайық.

Балғын зімбір 

Зімбірді сатып аларда оның сыртқы түріне мән беріңіз: тамыр тегіс әрі қатты, ал қабығы жұқа болуы керек. Тамырда терең қыртыстар мен қатты шығып тұрған талшықтардың болмағаны дұрыс. Негізі, орташа жуандықтағы тамыр жас болып келеді. Балғын зімбір тамырын сақтауға ең қолайлы жер – тоңазытқыш. Ол арнайы ауа өткізбейтін пакетте үш аптаға дейін сақталады.
Егер арнайы пакет болмаса, оны қағаз майлыққа орап, содан соң пакетке салыңыз. Бұл кезде де зімбір бірнеше апта сақталады.

Оны сақтаудың екінші әдісі – тазартылған балғын зімбір тамырын алкоголі бар құтыға салып қою. Алкогольді сусындардың ішінде арақ оның пайдалы қасиеті мен дәмін аса өзгертпейді. Бұл әдіс арқылы зімбірдің пайдалы қасиеттері 2-3 айға дейін сақталады.

Кепкен зімбір

Кепкен зімбір салынған пакетті тоңазытқыш есігінде немесе ас үйдегі шкаф сөресінде сақтай беруге болады. Бастысы, күн түспейтін жер болуы керек. Сол кезде кепкен зімбір екі жылға дейін өз қасиетін жоғалтпайды.

Ұнтақталған зімбір

Ұнтақталған зімбір тамыры ауа кірмейтін ыдыста жарты жылға дейін сақталады. Оны бөлме температурасында ұстау керек және қақпағын тек қолданарда ашу қажет.

Мұздатылған зімбір

Зімбір тамырларының қабықтарын ашымай-ақ, контейнерге салып, мұздатқышқа қатырып қоюға болады. Бірақ мұздатылған зімбірдің дәмі сақталғанмен, оның пайдалы қасиеттері жоғалады.

А. Жапатова