- Негізгі бет
- Аспаздық
- Картоптан дайындалатын 5...
Картоптан дайындалатын 5 тағам
Картоп – күнделікті мәзірдегі басты ингредиенттердің бірі. Одан көптеген тойымды тағамдар дайындауға болады. Бүгін картоптан пісіруге болатын 5 тағам рецептісін ұсынамыз.
Жаркое
Заманауи асханаларда жаркое деп венгерлік гуляшқа ұқсайтын – ет пен картоп және өзге көкөністер қосылып, бұқтырылып пісірілген тағамды айтады. Ол сорпасымен бірге, гарнирсіз ұсынылады.
Қажетті ингредиенттер:
- 500 г ет;
- 500 г картоп;
- 300 г сәбіз;
- 3 болгар бұрышы;
- 1 бас пияз;
- томат пастасы;
- аскөк.
Оның дайындалу жолын мына жерден оқыңыз.
Картоп омлеті
Дәмді және қытырлақ омлетті жылдам дайындауға болады. Оны дайындауға 15 минут уақытыңыз бен қарапайым азық-түлік қажет. Оның өзін бір тағам ретінде немесе етке арналған гарнир ретінде ұсынуға болады. Әркім оған қосымша ірімшік, шұжық, саңырауқұлақ, көкөністер және т.б ингредиенттер қосу арқылы дәм бере алады. Бірақ оның негізі картоп, жұмыртқа және пияздан тұрады.
Қажетті ингредиенттер:
- 5 картоп;
- 1 пияз;
- 30 мл сұйық май;
- 1 шым шым тұз бен қара бұрыш;
- 5 жұмыртқа.
Дайындау жолы:
1. Жұмыртқаларды тұзбен араластырыңыз;
2. Картопты үккіштің ірісінен өткізуге, жіңішке ұзынша етіп турауға немесе өте жіңішке дөңгелек етіп турауға болады;
3. Картопты майға қуырыңыз;
4. Оған ұсақтап туралған пиязды салыңыз және дәміне қарай тұзы мен қара бұрышын салыңыз;
5. Қуырылған картопты жұмыртқа қоспасына салыңыз;
6. Таза табаға кішкентай кілегей майының бөлігін салып, омлетті құямыз. Оны бірнеше минут қуырыңыз;
7. Омлетті келесі жағына аударып, дайын болғанша күтіңіз;
8. Омлетті көкөністермен ұсыныңыз. Оны бәлішті сияқты кесіңіз.
Пеште пісірілген картоп
Күнделікті тағамнан ерекше ас мәзірін дайындағыңыз келсе, үйреншікті күріш, картоп езбесі және макарон гарнирінен басқа пешке пісірілген картоп дайындауға болады. Оны дайындауға кететін ингредиенттердің барлығы қолжетімді және көп уақытыңызды алмайды.
Қажетті ингредиенттер:
– 8-9 орташа картоп;
– дәмдеуіштер;
– 6 ас қасық өсімдік майы;
Картопты пеште пісірудің бір жолын мына жерден көре аласыздар.
Фаршталған картоп
Бұл өте тойымды, дәмді және хош иісті тағам. Оны түскі немесе кешкі асқа тұздықтармен және көкөністі салаттармен ұсынады. Картоптың ішіне түрлі салынды салуға болады. Мысалы, шұжық, ірімшік, балық, саңырауқұлақ және басқа да өнімдер қосуға болады. Қазір ет фаршы салынған картопты дайындау жолын ұсынамыз.
Қажетті ингредиенттер:
- 4 картоп;
- 250 г фарш;
- 2 лавр жапырағы;
- дәміне қарай тұз бен қара бұрыш;
- 1 шай қасық сұйық май.
Дайындау жолы:
1. Картопты тазартып, жуып, суы бар кәстрөлге салыңыз. Оған аздап тұз бен лавр жапырағын салыңыз. Оны отта жартылай піскенше ұстаңыз. Картопты әлсін-әлсін тексеріп тұрыңыз. Егер ол пісіп кетсе, езіліп, оны фарштау мүмкін емес болады;
2. Картоптар піскен соң оны судан шығарып, суытып қойыңыз. Оның әрқайсысын қақ ортасынан екіге бөліп, картоптың ортасын қасықпен алыңыз;
3. Пешке салатын ыдысқа май жағып, жарты картоптарды салып қойыңыз;
4. Пиязды ұсақтап турап, фаршпен араластырыңыз. Оған дәміне қарай аздап тұз бен қара бұрыш салыңыз. Фарштың майы бар түрін таңдаңыз. Әйтпесе, тамағыңыз өте құрғақ болып шығады;
5. Дайындаған фаршты жарты картоптарға салыңыз.
6. Фаршталған картоптарды 180-200 градуста қыздырылып тұрған пеште 25 минут пісіріңіз. Егер бұл тағамның бетіне ірімшік қойғыңыз келсе немесе қаймақ жаққыңыз келсе, оны пісуге 5 минут қалғанда жасап, қайтадан пешке салып жіберіңіз.
Картоп езбесінен жасалған котлет
Картоп езбесінен котлет дайындауда салынды ретінде тартылған ет, орамжапырақ және саңырауқұлақ қолданады. Бүгінгі материалда фарш салындысы бар картоп езбесінен котлет дайындау жолын көрсетеміз. Сыртқы келбеті пирожкиге ұқсас болғанымен, дәмін татқан жақындарыңыз немесе қонақтар таңғалмай қоймайды.
Қажетті ингредиенттер:
– 1 үлкен пияз;
– 200 гр тартылған ет;
– 5 орташа картоп;
– 1 жұмыртқа;
– 0,5 стақан ұн;
– тұз, қара бұрыш;
– өсімдік майы.
Бұл ерекше котлеттің дайындалу жолын суреттермен бірге мына мақаладан көре аласыз.
А. Жапатова