Массагеттен мәзір: Асқабақ уылдырығы

Массагеттен мәзір: Асқабақ уылдырығы
Фото: massaget.kz

Күз-қыс мерзімінің қолжетімді көкөністерінің бірі – асқабақ. Асқабақтың адам ағзасына пайдасы мол. Одан түрлі тағамдар жасауға болады. Солардың бірі – асқабақ уылдырығы. Мұндай көкөністі икраны нанға жағып жесеңіз, өте тойымды болады әрі тәбетті ашады. Оны дүкеннен сатып алғанша, үйден оңай дайындалатын түрін жасап көріңіз.

Қажетті азық-түліктер:

- 800 г асқабақ;
- 1 үлкен пияз;
- 1 ас қасық томат;
- 1 шай қасық тұз;
- 1 шай қасық қант;
- 1 ас қасық сірке суы;
- қалауыңызға қарай қара бұрыш;
- ақжелкен немесе аскөк;
- 1 сарымсақ тілшесі.

Пиязды ұсақтап тураймыз.

Асқабақты үккіштен өткіземіз.

Табаға аздап май құйып, пиязды қуырамыз.

Оған асқабақты салып, қайта-қайта араластырып тұрып, 10 минуттай қуырамыз. 

Оған томат, туралған ақжелкен (аскөкті) және сарымсақ саламыз.

Одан соң тұз, қара бұрыш, қант салып және сірке суын құйып, барлығын араластырамыз. 5 минуттан соң отты сөндіреміз. Уылдырық дүкендікіндей біртекті болғанын қаласаңыз, блендермен езіп алуға болады. 

Асқабақ уылдырығы дайын! 

А. Жапатова