- Негізгі бет
- Аспаздық
- Пайдалы ас үй...
Пайдалы ас үй гаджеттері
Қазіргі кезде түрлі ас үй гаджеттерін ойлап тауып жатыр. Мұндай гаджеттер олармен жұмыс істеу кезінде уақыт үнемдеуге және бос тұрған кезінде ас үйден орын алмауға негізделіп жасалады. Ыңғайлы әрі пайдалы ас үй гаджеттерін таныстырамыз.
Көкке және жидектерге арналған кептіргіш
Кептіргіштің торлы ыдысына көктер, жеміс-жидек және көкөністер салып, оны шыны ыдысына саласыз. Содан соң ішіне су құйып, қақпағын жабасыз. Қақпағындағы тұтқаны айналдыру арқылы ыдыстың ішіндегі көкөністер жақсылап жуылады. Содан соң торлы ыдысты аласыз, сол кезде суының барлығы ағып кетеді. Бұл гаджет көбінесе аскөк пен ақжелкенді жууға өте ыңғайлы.
Ыдыстарға арналған силикон қақпақтар
Силикон қақпақтар ыдыстарға және үлкен пішінді жемістер мен көкөністерге де келеді. Силикон қақпақтардың аспаздық пакеттен артықшылығы бірнеше рет қолданылуында. Сонымен қатар, силикон қақпақты микротолқынды пешке салуға да болады.
Түрлі салындысы бар тағам пісіруге арналған ыдыс
Мұндай ыдыстың әр бөлігіне басқа қамыр және басқа салынды салып пісіруге болады.
Қарбызға арналған пышақ
Жаз мезгілінде шөл басуда қарбыздың пайдасы мол. Қарбызды кесу, әсіресе, қонақ келгенде ұзақ уақыт алады. Сондай жағдайда арнайы қарбыз кесетін пышақ көмектеседі. Оның көмегімен жылдам тең бөліктерге бөлуге болады.
Тұтқасы бар үккіш
Үккіштің жіңішке тұтқасы қолға ұстауға ыңғайлы әрі шағын пішініне байланысты тартпада орын алмайды.
Қамырға арналған төсем
Мұндай төсемнің беті түйіршіктелген (гранулированный) болып келеді, сондықтан қамырды илеу кезінде ол төсемге жабыспайды. Соның себебінен қамыр илеу кезінде ұн себудің қажеті болмайды. Төсемді жуу өте жеңіл және сақтау ыңғайлы. Оны қолданып болған соң оқтау секілді орап, арнайы түймесімен бекітіп қоясыз.
А. Жапатова