Қызылшадан дайындалатын ерекше тағамдар #2

Қызылшадан дайындалатын ерекше тағамдар #2
Фото: aquamaniya.ru

Көктемде иммунитет әлсіреп, әртүрлі ауруға душар болмау үшін дұрыс тамақтану қажет. Жеміс-жидектер мен көкөністер денсаулыққа тигізер пайдасы өте көп. Соның ішінде, бір қызылшаның пайдасы бірнеше көкөніске татиды. Қызылша құрамында ағзаны тазартатын, қан тамырларын тазартуға көмектесетін жасұнық пен пектин мөлшері көп. Оның бір артықшылығы күн сайын әр түрлі күйде, қайнаған, бұқтырылған және шикі түрде қолдануға болады. Ұзақ сақтаса да емдік қасиетін жоғалтпайды.

БАСЫ

Жаңғақ бәліші

Қажетті азық-түліктер:

- 300 гр қызылша;
- 250 гр ұн;
- 200 гр сәбіз;
- 4 жұмыртқа;
- 150 гр қант;
- 80 мл зәйтүн майы;
- 2 шай қасық даршын;
- 2 шай қасық қопсытқыш;
- тұз;
- 50 гр грек жаңғағы;
- 1 апельсин. 

Безендіру үшін:

- қант шәрбаты;
- анар. 

Дайындалу жолы:

1. Қызылша мен сәбізді тазартып, үккіштен ұсақтап өткізіңіз. Жаңғақты қуырыңыз. Апельсиннің қабығын үккіштен өткізіп, суын сығып алыңыз. 

2. Ыдысқа жұмыртқа мен қантты салып, миксермен араластырыңыз. Оған зәйтүн майын құйыңыз. Басқа ыдысқа ұн, қопсытқыш, тұз және даршынды араластырыңыз. Содан соң ұнды бөлшектеп, жұмыртқа мен қанттың үстіне салыңыз. Барлығын жақсылап араластырыңыз. Қамырдың үстіне қуырылған жаңғақты, үккіштен өткізілген апельсин қабығын салыңыз. Одан соң үккіштен өткізілген сәбіз бен қызылшаны салыңыз. Барлығын араластырыңыз. Бәліш қамыры дайын. 

3. Бәліш пісіретін ыдысқа май жағып, қамырды құйыңыз. 170°С температурада қызып тұрған пешке 50 минуттай шамасында пісіріңіз. 

4. Піскен соң, пештен алып, суытыңыз. Дайын бәліштің үстіне қант шәрбатын құйып, анармен безендіріңіз.

Қызылшадан рулет

 Қажетті азық-түліктер:

- 1 қызылша;
- лаваш;
- 100 гр ірімшік;
- 4 сарымсақ;
- майонез;

Дайындалу жолы:

Қызылшаны пісіріп аламыз. Піскен қызылшаны үккіштен ұсақтап өткіземіз. Сарымсақты езіп, қызылшамен араластырамыз. Ірімшікті де үккішпен ұсақтаймыз. Барлық ингредиентті майонезбен араластырамыз. Лавашқа дайын салындыны жағып шығамыз. Рулет етіп ораймыз. Рулетті аз порцияларға кесіп, тәрелкеге салып қоямыз.

А. Жапатова