Қызылшадан дайындалатын ерекше тағамдар

Қызылшадан дайындалатын ерекше тағамдар
Фото: www.theswissvegan.ch

Көктемде иммунитет әлсіреп, әртүрлі ауруға душар болмау үшін дұрыс тамақтану қажет. Жеміс-жидектер мен көкөністер денсаулыққа тигізер пайдасы өте көп. Соның ішінде, бір қызылшаның пайдасы бірнеше көкөніске татиды. Қызылша құрамында ағзаны тазартатын, қан тамырларын тазартуға көмектесетін жасұнық пен пектин мөлшері көп. Оның бір артықшылығы күн сайын әр түрлі күйде, қайнаған, бұқтырылған және шикі түрде қолдануға болады. Ұзақ сақтаса да емдік қасиетін жоғалтпайды.

Қызылшаны сығып дайындаған сусын да өте пайдалы. Буын қабынуы кезінде күніне жарты стақан қызылша сусынын ішу қажет. Қызылша бүйрек, ішек, бауыр және іш қату ауруларын емдеуде пайдасы зор. 

Қызылшаны дұрыс дайындау ережесі

Қызылшаның суда тез еритін минералды тұздарын сақтап, һшырынды болып қалуы үшін қайнату алдында оның қабығын ашпай, тек жақсылап жуыңыз. Қызылшаның пайдалы заттары қайнату кезінде жоғалмас үшін толық піскенше қайнатпаңыз. Қызылша пісуге аз қалған кезде отты сөндіріңіз. Қызылшаның қанық түсі сақталсын десеңіз, қайнап жатқан суға қант салыңыз (1 литр суға 1/2 шай қасық қант).

Қызылша мен кәдіден дайындалатын крем-сорпа

Қажетті азық-түліктер:

- 1 қызылша;
- 1 сәбіз;
- 2 картоп;
- 1 кәді;
- 1 пияз;
- тауық еті;
- 1 литр су;
- 2 ас қасық кілегей майы;
- 200 мл қаймақ;
- дәміне қарай тұз.

Дайындалу жолы:

1. Қызылшаны қайнатып, пісіріп алыңыз. Үлкен қазанға су қайнатып, тауық етін салыңыз. 30 минут қайнатыңыз. Тауық еті піскенше, картопты, сәбізді және пиязды ашып, тазалап қойыңыз.

2. Сорпадан тауық етін тәрелкеге түсіріп алыңыз. Картоп пен кәдіні ұзынша етіп турап, сорпаға салыңыз. Сорпа қайнағанша оттың астын жоғарылатпаңыз. Содан соң сәбіз бен пиязды турап салыңыз. Барлығын 20 минуттай қайнатып, оттан түсіріңіз.

3. Піскен қызылшаны үккіштен өткізіңіз. Үккіштен өткізілген қызылшаны блэндерге салып, үстіне сорпаны құйып, біртекті болғанша араластырыңыз. Сорпаны қайтадан қазанға құйып, отты жағып, қайнаған соң қаймақтың жартысын салыңыз. Араластырыңыз. Сорпаны оттан алыңыз. Дайын сорпаны тәрелкелерге бөліп құйып, үстіне туралған тауық етінен салыңыз. Қаймақтың қалған жартысын ыдысқа құйып, дастарқанға қойыңыз. Дәміне қарай әркім өзі тағы да қаймақ қосуына болады. 

Жалғасы бар

А. Жапатова