Массагеттен мәзір: Пияз бәліші

Массагеттен мәзір: Пияз бәліші
Фото: massaget.kz

Пияз бәліші  тәтті тағамдарды аса ұната бермейтін адамға, әсіресе ер адамдарға өте ұнауы мүмкін. Тойымды пияз бәлішін дайындау жолын ұсынамыз.

Қамыры үшін қажетті азық-түліктер:

- 150-170 гр ұн;

1 жұмыртқа;

- 65 гр кілегей майы;

- 30 гр қаймақ;

- тұз.

Салындысына қажетті азық-түліктер:

- 3-4 үлкен пияз;

- 200 гр қаймақ;

- 2 жұмыртқа;

- 75 гр ірімшік;

- тұз, қара бұрыш.

Алдымен қамырын дайындауға кірісеміз.

Ыдысқа жұмыртқа саламыз.

 Оған қаймақ саламыз.

 Жұмыртқа мен қаймақты миксер көмегімен араластырамыз. Аздап тұз қосамыз.

 Келесі ыдысқа илектен өткізілген ұн саламыз.

 Ұнға қатты кілегей майын кесектерге бөліп не үккіштен өткізіп саламыз.

 Ұнды кілегей майымен қолымызбен араластырамыз.

 Екі ыдыстағы қоспаны біріктіріп, қамыр дайындаймыз. Ұн аз болса, қамыр болғанша тағы ұн қосыңыз. Қамырды пакетке салып, тоңазытқышқа 30 минутқа қоямыз.

 Пиязды орташа етіп тураймыз.

Табаға аздап май құйып, қызған соң, пиязды қуырамыз. Бірақ қатты қызартудың қажеті жоқ. Аздап жұмсарса болғаны, табадан басқа ыдысқа салып, суық жерге қойыңыз. Толық суығанша күтіңіз. Сондықтан пиязды алдын ала дайындап қойған жөн.

 Ыдысқа жұмыртқа саламыз.

 Оған қаймақ салып, миксермен жақсылап араластырамыз.

 Өзіңіз қалаған мөлшерде тұз және қара бұрыш салыңыз.

Ірімшікті үккіштен өткіземіз.

 Ірімшікті ыдысқа саламыз.

Суыған пиязды да ыдысқа саламыз.

 Барлығын жақсылап араластырамыз. Салындымыз дайын.

Тақтайды сұйық маймен майлап алып, қамырды илейміз. Газға арналған ыдысқа пергамент қағазын төсеп, қамырды жайып қоямыз. Мендегі ыдыс төртбұрышты, сіздер өздеріңізде бар ыдысты (дөңгелек) қолдана берсеңіздер болады.

 Жайылған қамырдың бетіне салындыны құямыз. Бәлішті 190 градуста қыздырылған пеште 40 минут ұстаймыз.

 40 минут өткен соң бәлішті газдан алып, ыдысынан 15 минут өткенше түсірмейміз. 

 15 минут өткен соң, бәлішті ыдысынан түсіріп, толық суығанша күтеміз. Пияз бәліші дайын! Астарыңыз дәмді болсын!

А. Жапатова