Мәзір: "Жазғы этюд" сотесі

Мәзір: "Жазғы этюд" сотесі
Фото: koolinar.ru

Соте – арнайы әдіспен дайындалатын тағам. Аз ғана майға жылдам қуырылады. Қуырмас бұрын, азық-түліктерді пісіріп немесе маринадтап алуға болады. Әзірлеу барысында күйіп кетпес үшін, ырғатып араластырады. «Sauté» сөзінің өзі француз тілінен аударғанда «қуыру», «ырғату, секіру» деген мағынаны береді. Табадағы көкөністерді шанышқының көмегімен араластыруға тыйым салынады. 

Сотенің бірнеше түрі болады. Ішінде ең көп көкөністен жасалатын түрі әзірленеді. Солардың бірін үйде әзірлеп көрейік.

Қажет азық-түліктер тізімі:

- 1 баялды;

- 2 кәді;

- 1 бас пияз;

- 4 қызанақ;

- 3-4 тіс сарымсақ;

- 1-2 чили бұрышы;

- көк шөптің кез келген түрі,

- өсімдік майы;

- тұз;

- қант қажет.

1. Кәді мен баялдыны тазалап, сарымсақ пен пияздың қабығын аршимыз. Ал қызанақтың қабығын аршып, аршымауымыз өз еркімізде. 

2. Көкөністерді тураймыз. Баялды мен кәдіні барынша үлкенірек етіп тураған жөн. Ал көк шөп, сарымсақ, пияз сындыларды майдалап тураймыз.  

3. Баялды мен кәдіні бөлек қуарамыз. Арасында тұз қосуды ұмытпайық.

4. Көкөністерді қуырылған соң тарелкаға саламыз. Артынша бетіне чили мен көк шөпті, сарымсақта саламыз. 

5. Қызанақ пен пиязды 20 минуттай қуырамыз. Арасында табаның қақпағын жауып, бұқтырамыз. Соус сұйық немесе қою болмағаны жөн. Тым қышқыл немесе тым тәтті болып кетпес үшін тұз бен қантты бірдей қосқан жөн. Ең соңында майдалап туралған көк шөпті бетіне себеміз. 

6. Дайын болған соусты көкөністердің бетіне құямыз.  

7. Дастарханға сотені суықтай да, ыстықтай да қоюымызға болады. Осымен сотеміз дайын. Астарыңыз дәмді болсын!

Қ. Бүйенбай