Торттың дәмін келтіру үшін...

Торттың дәмін келтіру үшін...

Тәтті тортты кім жақсы көрмейді? Әрбір торттың басты ингредиенті − крем. Тез әрі жеңіл жасалатын кремдердің рецептін назарларыңызға ұсынамыз:

1. Классикалық пісірілген крем.

Төрт сарыуызды 200 грамм қант, 1 шай қасық ванилин және 50 грамм ұнмен араластырыңыз. Жарты литр сүтті қайнатып, дайындаған қоспамызға құйып, араластырамыз. Содан соң отқа қойып, қоюланғанша қайнатамыз.

2. Майлы крем.

Үлкендеу кастрөлді дайындап қойыңыз. Түбі құрғақ болуы керек. Оған төрт жұмыртқа жарып, 1 стақан қантпен араластырамыз. Отты жағып, қыздырамыз. Пештен алыстамай, үзбей араластырып отырыңыз. Нәтижесінде қоюланып шығуы керек. Пештен алып, тағы бір араластырып, жылуға қоямыз. 100 грамм қант ұнтағын бір сарымайды орауымен араластырып, көпіршітеміз. Жұмыртқалы қоспаны майға қосамыз. Дәм беру үшін ванилин қосуға болады.

3. Қойылтылған сүт пен жұмыртқадан жасалған крем.

200 грамм жұмсарған сары майды 100 грамм қойылтылған сүтпен араластырыңыз. Көпіршітіп тұрып екі сарыуыз қосыңыз. Иісі тәтті болуы үшін ванилин қосуға болады.

4. Қойылтылған сүт мен сары майдан жасалған крем.

Бір құты қойылтылған сүт пен бір орам сары майды біртектес етіп араластырып, көпіршітеміз. Май бөлме температурасындай болуы керек. Кремді суытамыз.

5. Ұнтақ ботқасынан жасалған крем.

Жарты стақан сүтті бір шай қасық ваниль қантымен қайнатамыз. Бір ас қасық ұнтақ жармасын (орысша – манная крупа) аздаған сумен араластырып, пайда болған қоспаны ыстық сүтке құйып, отты бәсең қойып, қайнатамыз. 1 сарыуызды бір шай қасық қант, жарты шай қасық сары майды біртектес массаға айналғанша араластырамыз. Бұл қоспаға аз-аздан ұнтақ жармасын салып, көпіршітіп тұрамыз. Крем дайын!

Астарыңыз дәмді болсын!

Сурет: crocs4u.ru

Оқи отырыңыз:

Өмірімізді өзгертетін "алтын сүтті" бірге әзірлейік

Тағам дәмді болсын десеңіз...

Пиццаны 10 минут ішінде қалай дайындауға болады?

Ф. Абилова