Қара шайды дұрыс демдеудің ережелері

Қара шайды дұрыс демдеудің ережелері

Қара шайды қалай қайнатамын? Ойлап қарасақ, бұдан оңай дүние жоқ сияқты көрінеді. Бірақ олай емес. Әр шай қайнату процесі бірнеше ережелерді ұстануды міндеттейді. Оларды ұстанбаған жағдайда шай пайдалы және дәмдік қасиеттерінен арылуы мүмкін.

Қара шайды демдеудің ережелері

Қара шайдың пайдалы қасиеттерін жоғалтпай демдеуді көбі біле бермейді. Кез келген шайды дұрыс демдеу үшін қайнататын суды жақсылап дайындау қажет. Біріншіден, ол міндетті түрде жұмсақ және тазартылған болуы тиіс. Екіншіден, шайдың түріне қарай қайнатылатын судың температурасы да сәйкестендірілу керек. Қара шайды дұрыстап демдеу үшін 90-100 градус қайнатылған ыстық су қажет. Шайды қайнату уақыты да әртүрлі болады. Қара шайды көк шайға қарағанда ұзақ қайнатады, демдеу орташа есеппен 4-7 минут уақытты алады. Қайнатып болған соң шайды қасықпен ақырындап араластыру қажет, бұл шайдың жұпарындағы эфир майларының дұрыс таралуын қамтамасыз етеді. Онымен қоса дұрыс қайнату үшін шайдың мөлшері де маңызды. Оны бір кесе шайға (150 мл) бір шай қасық шай деген есеппен салу керек. Демделген шай сұрпына байланысты алтын, қою-қоңыр, ашық-қоңыр, қызыл-қоңыр түске енеді.

Сүт қосылған қара шай

Қара шайды сүт қосып демдеу салты Ұлыбритания мен Орта Азия елдерінде кең таралған. Сүтпен шай өте құнарлы және ағзаға тез сіңеді. Сүт шай құрамындағы кофеин мен кейбір алкалоидтердің деңгейін түсіреді. Сүт қосылған қара шай ұстамалы жүрек ауруының алдын алуға септігін тигізеді. Оның құрамында сүйекті қатайтатын кальций бар.

Сүт шайды пайдалы қасиеттерінен айырады деген бір пікір бар. Бірақ бұл шындыққа сай келмейді. Сүт шай құрамындағы екі жүзге жуық биологиялық белсенді заттардың біреуіне ғана әсер етуі мүмкін. Сүтті шайды қалай демдеу үшін құрғақ шайдың мөлшерін екі есеге көбейтсеңіз жеткілікті.

Қара шайдың сұрыптары

Қара шайдың ұсақталған және пресстелген сұрыптары болады. Өсірілген жеріне байланысты – қытай, үнді, цейлон шайлары болып бөлінеді. Сонымен қатар шай жапырақтарының сапасына байланысты сұрыпталады. Жоғарғы сапалылар – бүршіктер және ең жас жапырақтар. Орташа сапалылар – кесілген және жұлынған шай жапырақтары. Төменгілер – қатты үгітілгендер және шай шаңы. Сонымен қатар жұпар иісті (жеміс қосылған) және жұпар иіссіз (еш қоспасыз) түрлері де бар.

Қара шайдың пайдалы қасиеттері

Шайдың басқа түрлеріндей, қара шай да пайдалы қасиеттерге ие, бірақ басқаларға қарағанда ол қасиеттер біршама аз. Осыған орай оны қайнаған сумен демдеуге болады. Қара шай шөлді басады, зат алмасуды жақсартады, кофеин арқылы жұмысқа қабілеттілікті арттырады, жүрек жұмысына, асқазан жүйесіне және бүйрекке жақсы әсер етеді. Құрамындағы танин мен кофеиннің арқасында шаршағандықты басып, адамның зейінін арттырады. Қара шайда фтор, калий және марганец сияқты минералды заттар болады. Бұл біраз уақыт ашығуды басады.

Қара шайдың зияны

Қара шайдан зиян көргіңіз келмесе күніне 4-5 кеседен артық ішпеңіз. Көп мөлшерде қара шай ішу ревматоидтік артриттің пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар тістің эмалін сарғайтып, гипертониялық және асқазан жарасына ұрындыруы да ықтимал.

Сурет: teamaster.by, www.veter-stran.ru, www.silazdorovya.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

Оқи отырыңыз:

Кофеден қалай шай жасауға болады?

Пайдалы 13 шай

"Әуелі шай ұсын, құя алсаң – жетеді..."

Барлық шай бір ғана өсімдіктен жасалады...

Шай есірткі ме?

Шай ішсең, көңілің жай...

A. Mustafina