"Әуелі шай ұсын, құя алсаң – жетеді..."

"Әуелі шай ұсын,  құя алсаң – жетеді..."

Әуелі шай ұсын, 
құя алсаң – жетеді, 
Сөз таппай майысып, 
ұялсаң – жетеді...

Жұмекен ақын өзінің бір өлеңінде осылай деп тіл қатқан екен. Алайда, заманауи қыз-келіншектерімізге құя алу мен ұялу жеткіліксіз секілді. Келісесіз бе? Келіскен болсаңыз, бүгін дәмі тіл үйірер шәй демдеп қонағыңызды қуантуыңыз үшін керекті ең мықты дәмдеуіштер туралы әңгіме қозғамақпыз.

 

 Бәден(анис). Бәден – ежелден келе жатқан дәмдеуіштердің бірі. Сонау ерте замандарда Грекия мен Рим тұрғындары бәден жемістерін тәбетті ояту үшін пайдаланған. Олар бәден өсімдігінің иісі ұйқыны жақсартып, адам жанын тыныштандырады, сергек етіп жүргізеді деп санаған. Әсіресе, ұйқысыздықпен күрес кезінде таптырмас көмекші бола алады. Жөтеліп қалған болсаңыз, бәден жемістерімен емделсеңіз, тез айығып кетесіз.

Қырмызы (календула). Бұл гүлдің отаны – Оңтүстік Еуропа. Қырмызының гүлдері мен ұрықтарында бактерицидтік қасиеттер бар, яғни ангинамен, тұмаумен жақсы күреседі.

Зімбір. Зімбірдің шыққан тегі Оңтүстік-Шығыс Азия болып саналады. Б.з. бірінші ғасырларында зімбірді уды қайтаратын дәрі-дәрмек ретінде пайдаланған. Қазіргі таңда зімбір Қытай, Үндістан, Индонезия, Аустралия, Батыс Африка, Ямайка, Барбадос жерлерінде өсіріледі. Ежелгі шығыс ғылымы зімбір сусындары қанды қыздырады дегенді айтады. Яғни, ол ағзадағы зат алмасу үрдісін жақсартып, артық шлактарды шығарады. Оның тамырын үккіштен өткізіп, бірер түйірін шәймен бірге қосып жіберсеңіз болады. Мұндай шәй жаныңызды жылытып, бойыңызды сергітеді. Жалпы, зімбірді кез келген тағамға қосуыңызға болады. 


Ақ гүл (жасмин). Ақ гүл қосылған шәйдің тарихы сонау Цин империясынан бастау алады. Ақ гүлді көк шәймен немесе ақ шәймен бірге демдейді. Жасмин гүлі қосылған шәйдің иісі нәзік әрі тәтті болады. Бұл – Қытайдағы ең хош иісті шәй және ол әлсіздікке төтеп беріп, шаршауды басады. Сонымен қатар, қан қысымын көтеріп, тәбетті ашады.

Лаванда. Ел аузындағы аңыздарға сенсек, ежелгі римдіктер лаванданы ваннаға қосып түскен екен. Өйткені, оның жанды тыныштандырып, рахатқа бөлейтін қасиеті бар. Ал лаванда қосылған шәй ұйқысыздықтан құтқарып, жүйке ауруына оң әсерін береді.

Жалбыз. Жалбыз шәйі адамзат баласына бағзы замандардан бері белгілі. Кейбір халықтар оны тыныштандыратын құрал ретінде қолданса, енді бірі тәбетті ашу үшін пайдаланған. Оның қара шәймен бірге демделген хош иісті жапырақтары кешқұрым жұмыстан шаршап келген адамның сенімді серігі. Жалбыз асқазанның тамақ қорыта алмауы кезінде, қызу көтерілген кезде, суық тигенде жақсы көмектеседі. Ол ашуды басып, жөтелді азайтады.

Суреттер:pressfoto.ru,mjata.ru,blog.i.ua,artleo.com,grippro.ru,rio.ua

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева