Сатып алып жүргеніңіз нағыз сары май ма, әлде...

Сатып алып жүргеніңіз нағыз сары май ма, әлде...

Нанға жағылған май – тойымды таңғы ас, пайдалы тіскебасар. Сары май кез келген адамның рационында болуы тиіс деп айтқан болатынбыз. Бірақ қазіргі кезде дүкеннен нағыз майды табуға бола ма? Сары майды қалай таңдау керек? 

Қазірде елімізде майлығы 60-82,5 пайыз сары майлардың түр-түрі сатылады. Өндіруші зауыттар мен атауларының түрлілігі арасында таңдау жасау қиын. Сары майдың дұрысын таңдау үшін біздің кеңестермен таныс болыңыздар.

Нағыз сары май табиғи қаймақтан әзірленіп, майлылығы 82,5 пайыздан кем болмауы керек. Табиғи негізді эмульгатор, консервант, қышқылдық реттеуіш, ароматизатор, бояғыштармен алмастыру оның жасанды май не маргарин екендігін көрсетеді.

Cары май таңдағанда сыртындағы нұсқаулармен мұқият танысқан дұрыс. Әр майдың сыртына оның қандай қаймақтан әзірленгендігі жайлы жазылады (жаңа пастерленген немесе ашытылған). Әрине тауар табиғи болса, оның майлылық көрсеткіші жоғары болады. Қазірде көптеген арулар мүсінін уайымдап, майлығы аз тағамдарға көшуде. Бірақ көп жағдайда майлылықтың аздығы оның жасанды өнім екендігін білдіреді. 

Майдың тек қабына ғана қарап қоймай, оның өзіне де көңіл бөліңіз. Май кесегі біртекті, тығыз, бірақ иілгіш болу керек. Май түсіне де көңіл бөлген жөн: ол сары болған дұрыс. Майдың сарылығы оның құрамындағы каротин деген затқа байланысты, жылдың суық кезеңдерінде бұл зат әлдеқайда аз болады, сол себепті май ағырақ болуы мүмкін. Бірақ май толықтай ақ болғаны дұрыс емес, бұл өнімнің жасанды екенін білдіреді.

Қазірде ең танымал «Крестьянское» майы арнайы үнемді технология бойынша әзірленеді, осыған сай бағасы да басқа майларға қарағанда арзандау келеді. Есесіне бұл майдың майлылығы 70%. Осындай май таңдағанда оның ылғалдығының массалық үлесі 25 пайыздан артық болмауын қадағалаңыз. «Крестьянское» майы ұзаққа сақталады, бұл ондағы қышқылдық реттеуіштерге байланысты.

Сары майды жарық сәулелерінен сақтаған жөн. Ашық жарық әсерінен ол А дәруменін жоғалтып, қышқылданып, сарғая бастайды. Сондықтан дүкен мен базардан мөлдір қағазға, пакетке оралған май сатып алмаңыз. Тоңазытқышта да майды жарық сәулесін өткізбейтін пакетте не ыдыста сақтаған жөн. Ең дұрысы – сары майды қаңылтыр қағазға орау. Сары майды тоңазытқышта иісі қатты шығатын тағамдардан бөлек сақтау керек, себебі сары май иістерді оңай сіңіреді. Май ұзақ уақыт ашық қалған жағдайда беткі қабаты сарғайып қалады. Бұндай кездері майдың осы сарғайған қабатын пышақпен алып тастаңыз, себебі ол жеуге жарамсыз.

Майлардың арасында қолдан жасалған май ең пайдалысы.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: sabrinastarlet.empowernetwork.com 

С. А