Затбелгіге сенбеңіз!

Затбелгіге сенбеңіз!

Дүкенге бара қалған жағдайда ең бірінші сенім артарымыз – азық-түліктің затбелгісі екендігі ақиқат. Алайда, сіз сеніп жүрген осы затбелгілердің өзінде шындық жазыла бермейді. Назарларыңызға өтіріктің иісі мүңкитін азық-түлік затбелгілерінің тізімін ұсынғалы отырмыз. Бұл ақпараттарды дүкен есігін қағатын кез келген оқырманның біліп жүргені абзал.

1. Холестерині жоқ

Сіз мұны жүрекке қауіпсіз деп ойлайсыз. Шын мәнінде, холестерин тек қана жануар текті азық-түліктерде ғана бар, ал холестериннің жоқтығы жазылатындар негізінде өсімдік текті тағамдар болып келеді. Міне қызық, олардың құрамында холестерин онсыз да мүлде болмайды екен. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы зерттеулер тағамдық холестериннің қан құрамындағы холестериннің деңгейіне әсер етпейтіндігін айтып отыр. Дұрысы, құрамында көміртегі мен қанты аз тағамдарды қорек етіңіз. Жүрек қан тамырлары ауруларының басты себепкері - осы тағамдар.

2. Жасыл түсті зат белгі

Әдетте бұл затбелгіні көре сала:"бәрі дұрыс, жей беруге болады, алға!" деген ой сап ете қалады. Бұл түсініктен біржола арылыңыз. Жасыл - табиғаттың түсі болғандықтан, денсаулықтың мықтылығымен тығыз байланыстырғаныңыз айып емес. Мәселен, таяуда Health Communication журналында тұтынушылардың қызыл немесе ақ затбелгілі шоколадтарға қарағанда жасыл түсті затбелгіге ие шоколадқа сұраныстың әлдеқайда көп екендігін жариялаған. Асылында, үшеуінің де калориясы бірдей келеді. Сондықтан да, затбелгінің түсіне назар аударушы болмаңыз! Дұрысы - келесі бетіндегі құрамды жақсылап оқып шығу.

3. Натрийдің төмендетілген құрамы

Әдетте қоректенуге арналған тағамдардың құрамында натрий өте аз келеді. Осындай жазуды оқи салысымен, кассаға қарай асығатынымыз бар. Бұл жерде натрийдің пайызына көңіл бөліңіз. Аз деп көрсетілгенімен оның пайызы 50, 25 болуы әбден мүмкін. Бұл сіздің ағзаңыз үшін тым көп мөлшер, абзалы 20 пайыздан 5 пайызға дейінгілерді таңдағаныңыз болмақ.

4. Дәрумендер қосылған

Біздің ағзамызға аса қажетті А, С, Е және В дәрумендерінің көптеген тағамдарға қосылатындығы өтірік емес. Алайда, бір тағамнан алынған минералдар мен дәрумендердің келесі бір тағамға қосылуы денсаулыққа айтарлықтай пайда әкелмейді. Сондықтан да, дәрумендерді, минералдарды, антиоксиданттарды нағыз, табиғи тағамдардан - жемістерден, көкөністерден, дәнді-дақылдардан іздеңіз.

5. Құрамында гормоны жоқ тауық

Біздің ойымыз: мынау денсаулыққа өте пайдалы және экологиялық таза түскі ас бола алады. Жо-жоқ, бұл ештеңені де дәлелдемейді. Онсыз да тауық етінің құрамында гормондардың бар болуына рұқсат берілмейді, керек десеңіз, жануарларға гормондарды беруге тыйым салынады. Яғни, затбелгіде көрсетілген ақпарат рас болып отыр. Сондықтан сапалыны анықтауда мұның ешқандай маңызы жоқ. Барынша табиғи, экологиялық таза етті таңдаңыз.

6. Қант қосу арқылы немесе табиғи тәттілендірулер арқылы дайындалған

"Неткен керемет, менің де іздегенім осы еді", - деп қуанып кеттіңіз. Асықпағаныңыз жөн. Бұл азық-түліктің құрамында қант өте көп. Тіпті газдалған сусындардың құрамында сіз ойлағаннан да көп мөлшерде синтетикалық фруктозалар кездеседі. Шамадан тыс қолданған жағдайда, салмағыңыз артып кетуі ғажап емес. Ендеше, ингредиенттердің тізімін жақсылап тексеріп өтіңіз: жүгері шәрбаты, қызылша қанты, декстроза, жеміс шырынының концентранты, уытты шәрбат - бәрі де қант. Кардиолог мамандар күніне алты шәй қасық қанттан артық тұтынбауға кеңес береді. Ендігісін өзіңіздің патша көңіліңіз шешеді.

7. Органикалық азық-түліктер

Біздің пайымдауымыз: бұл тағамдар денсаулыққа пайдалы әрі дәмді. Өндіруші өз өнімін мақтан тұту үшін оның тағамдары кемінде 70 пайыз органикалық ингредиенттерден дайындалу керек. Бұл талаптың шын мәнінде орындалатындығына кім кепілдік бере алады? Сондай-ақ, органикалық деген төмен калориялы деген ұғымды білдірмейді. Мәселен, чипсы, жемістен жасалған тіске басарлар, кәмпиттер ақшаны құр далаға шашу. Сондықтан, органикалық тағам деген осы екен деп сатушыға ақшаңызды беруге асықпаңыз.

 Суреттер:byaki.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева