Жазғы макияждың 5 қателігі

Жазғы макияждың 5 қателігі
Фото: Ashley Piszek, Unsplash.com

Жыл мезгіліне байланысты макияж техникасы мен тәсілі өзгеріп тұрады. Мысалы, суық мезгілде жақсы жұмыс істейтін кей өнімдер ыстық айларда, керісінше, өз қызметін дұрыс орындамауы немесе теріңізге зиян келтіруі мүмкін. Жазғы макияждағы кең тараған қателіктерті ұсынамыз.

SPF-қорғаныштың болмауы

«Мен жазда боянбаймын, бетім демалады» дейтін қыздардың көпшілігі жіберетін қателіктердің бірі — күннен қорғайтын құралды да жақпау. Жазда бетіңізге макияж жақсаңыз да, жақпасаңыз да, SPF-қорғанышы бар құрал қолдануды ұмытпаңыз. Әсіресе, жазда ультракүлгін сәулелену тері жағдайына жағымсыз әсер етеді: кей жағдайда тері құрғақ болып кетсе, оның тағы бір салдары — пигментті дақтардың пайда болуы.

Заманауи ВВ-кремдердің SPF-қорғанышы бар. Жазда ең дұрысы — сондай ВВ-крем алу. Ол бет терісі реңкін тегістейді және теріңізді қорғайды.

Бет терісін макияжға дайындамау

Кей қыздар жазда боянарда былай деп ойлайды: «Бәрібір жеңіл макияж жасаймын. Ол үшін теріні дайындаудың аса қажеттілігі жоқ». Алайда бұл кезде макияждың ұқыпсыз және төзімсіз болуы әбден мүмкін. Тональді крем немесе ВВ-крем құрғақ терідегі қабыршақтануды айқындап көрсетіп тұрады, ал майлы теріні жылтыратады. Егер басынан бастап бәрін құртқыңыз келмесе, бет терісін макияжға дайындаңыз.

Өте тығыз тональді крем жағу

Жазда жеңіл ВВ немесе СС-крем қолдану ұсынылады. Олар ыстықта теріні ауырлатпайды. Егер бет терісінде проблемалық жерлер болса, оларға консилер жаққан дұрыс.

Опаны көп жағу

Жоғары температуралар себебінен бет терісінің терлеп, майланатыны рас. Сондықтан оны опаның көмегімен күңгірт еткіңіз келуіңіз мүмкін. Алайда, оны көп жақпаған дұрыс. Егер теріңіз майлануға және ұсақ тесіктердің бітелуіне бейім болса, опаның көп мөлшері макияжға артық қабат қосып, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін.

Макияжды ұзаққа дейін жаңартпау

Сөзсіз, кез келген жыл мерзімінде макияжбен өте ұзақ жүру зиян. Десе де, жазда ол, тіптен, қауіпті. Себебі жоғары температуралар зиянды микроағзалардың дамуына арналған жағымды орта болып табылады. Оның тағы бір кемшілігі — жазда тердің белсенді бөлінуі. Оған қоса, макияжды жаңартпасаңыз, ол тері саулығына жағымсыз әсер етеді.

А. Жапатова