Көз айналасына арналған 3 маска

Көз айналасына арналған 3 маска
Фото: freepik.com

Ағза күйзелістен, ұйқысыздықтан, дұрыс тамақтанбаудан, дәрумендер жетіспеушілігінен және лас ауадан шаршайды. Нәтижесінде, дұрыс қызмет етуіне қажетті барлық микроэлементтер жетпегендіктен шаш, тері және тырнақ проблемалары пайда болады. Көз астының ісуі және қараюы да осы жерден шығады. Бұл проблемаларды өмір сүру салтын өзгерту және сыртқы әсер ету арқылы шешуге болады. Үйде дайындауға болатын көз айналасына арналған 3 масканың рецептісін ұсынамыз.

Банан маскасы

Піскен бананды үккіштің ұсағынан (шамамен 1 шай қасық) өткізіңіз. Оған 1 қасық бөлме температурасындағы кілегей майын қосып, жақсылап араластырыңыз. Осы қоспаны көз айналасына жағып, 15 минут ұстаңыз. Содан соң жылы сумен шайып, ылғалдандырушы крем жағып қойыңыз. Банан маскасы теріні жақсы қоректендіреді.

Сұлы маскасы

Сұлы жармасын блендерде ұсақтап, оған ыстық сүт немесе майлы кілегей құйыңыз. Сұлы жармасы ісінген кезде оны көз айналасына жаға беріңіз. Ботқаны көз айналасына жағып жатқан кезде оның әлі де жылы болып тұрғаны жақсы. Бұл масканы теріде 20 минуттай ұстап, содан соң оны жылы сумен жайлап шайып тастаңыз. Сұлы маскасы теріні ылғалдандырады, көз астының қараюымен күреседі және ұсақ әжімдерді тегістейді.

Ақжелкен маскасы

Бұл масканы дайындау үшін 1 бума ақжелкен мен кілегей майы немесе қаймақ керек. Ақжелкенді блендерде ұсақтап, оны май немесе қаймақпен 1:2 қатынаста араластырыңыз. Яғни, 1 қасық ақжелкенді 2 қасық қаймақпен араластырасыз. Осы қоспаны көз айналасына жағып, 20 минут ұстаңыз. Оны бөлме температурасындағы сумен шайып тастаңыз. Ақжелкен маскасы теріні ағартады және көз астының қараюын кетіреді.

А. Жапатова