Сезімтал тері күтімі

Сезімтал тері күтімі
Фото: freepik.com

Сезімтал тері ерекше күтімді қажет етеді. Сезімтал теріні дұрыс жуу, тазарту және қоректендіру керек.

Тері неліктен сезімтал бола түседі?

Кез келген типті тері түрлі аурулардың себебінен сезімтал бола түсуі мүмкін. Ол асқазан ішек-жолы, зат алмасу, аллергия, жүйке жүйесі, жұқпалы және тері аурулары болуы мүмкін. Терінің сезімталдығынан арылу үшін алдымен денсаулық мәселелерін реттеу керек.

Кейде тері кенеттен сезімтал болып, өз-өзімен қайтадан қалпына келеді – ол күйзеліс себебінен болады. Дұрыс емес тері күтімі де терінің сезімтал болуына себеп бола алады. Әрине, адамның табиғатынан да терісі өте жұқа әрі әлсіз болуы мүмкін, сондықтан ол уақыт өте одар әрі құрғақтанып, сезімтал болып кетеді.

Сезімтал тері сыртқы факторларға қатты әсер береді: жел, аяз, шаң, күннің көзі, кей азық-түлік, кран суы және т.б. Бірақ сезімталдық пен аллергияны шатастыруға болмайды. Егер тері қандай да бір косметикадан соң бірден қызарып, қышыса, ол – сезімталдық. Егер тері бірнеше сағат өткен соң тітіркене бастаса, оның аллергиялық реакция болғаны. Терінің сезімтал болуының себебін анықтаған соң оған дұрыс күтім жасай білу керек.

Дұрыс жуыну

Сезімтал тері күтімін дұрыс жуынудан бастаған жөн. Басқа тері типіне қарағанда сезімтал теріні тазарту қиынырақ, себебі өте сезімтал тері қарапайым суға да тітіркенеді. Сондықтан кей жағдайда бет терісін құбырдан аққан сумен  емес, қайнаған суды суытып немесе минералды сумен жуу керек болады. Сезімтал теріге сабын жақпайды. Сондықтан бет жуатын сүтті құрал алыңыз немесе оны үйден жасаңыз. Мысалы: 1 ас қасық сүт, 1 шай қасық бал және 1 шай қасық өсімдік майын араластыруға болады. Ылғал теріні осы қоспамен жайлап уқалап, жылы сумен шайып тастаңыз.

Макияжды кешке жұмсақ сүтті құралмен сүртіп, тоник жаққан жөн. Спиртсіз тоникті үйден жасауға болады. Ол үшін жарты лимонның шырынын алып, оған 1 шай қасық глицерин және 50 мл қайнаған су құйып, жақсылап аралстырыңыз. Оны тоңазытқышта сақтаңыз. Бұл тоникті күнде таңертең және кешкісін бетіңізге массаждық қозғалыспен жағуға болады.

Ылғалдандыру

Сезімтал теріні міндетті түрде ылғалдандыру қажет. Сезімтал теріге арналған ылғалдандырушы маскалар оңай жуылуы керек. Теріде қабыршақ түзетін, бетте қатып қалатын маскалар сезімтал теріні тітіркендіреді.

Күннің астында ұзақ жүрген кезде сезімтал теріні міндетті түрде тыныштандырып, ылғалдандырыңыз. Оған шабдалы жақсы көмектеседі. Ол үшін оның қабығын ашып, езіп, бетке жағып қойсаңыз болғаны. 15 минут өткен соң жылы сумен шайып тастаңыз.

Қоректендіру

Ұйықтар алдында сезімтал теріге құрамында А және Е дәрумендері бар крем жағу керек. Сонымен қатар, кешкісін теріні қоректендіретін маскалар жасаған жөн. Сезімтал теріге келетін маскалардың жасалу жолын ұсынамыз:

- Бананды езіп, 1 шай қасық кез келген өсімдік майымен араластырыңыз. Қоспаны бетте 20 минут ұстап, жылы сумен жуып тастаңыз.

- Сезімтал теріні қышқыл сүт жақсы қоректендіреді. Ол үшін жылы айранды бетке бірнеше қабат етіп жағады. Әр қабатты оның алдыңғысы кепкен соң жағады. Содан соң 20 минут өткен соң жылы сумен жуып тастайды.

- 50 г ашытқыны 1 ас қасық өсімдік майымен араластырып, бетке және мойынға жағады. 20 минуттан соң жылы сумен жуыңыз.

- Суға піскен картопты езіп, жұмыртқаның сарысымен және аздап сүтпен араластырып, оны бет терісіне қалың етіп жағады. 20-25 минут өткен соң жылы қайнаған сумен жуып тастаңыз.

Сезімтал теріге күтім жасауда үйдегі ылғалдылық режимін сақтау керек. Ол үшін ылғалдандырғыш құрал алыңыз, бөлме өсімдіктерін ұстаңыз, сәндік сарқырама алыңыз немесе жиі ауаға су шашып тұрыңыз.

Сұлулығыңызды "ұрлайтын" 10 beauty-әдет

А. Жапатова