Жүзу арқылы арықтауға бола ма?

Жүзу арқылы арықтауға бола ма?
Фото: MyVietDoctor.com

Уақытылы жүзу арқылы артық салмақтан арылуға болады. Артық салмағы бар адамдардың көпшілігі буындарын ауыртып алмауы үшін кей физикалық жаттығуларды жасай алмайды. Жүгіру, отырып-тұру және еңкею кезінде буын мен омыртқаны ауыртып алуы әбден мүмкін. Ал бассейнде жүктеме азайып, калория көп жұмсалады. Себебі судың ішінде жай қозғалудың өзі қиынға соғады. Жүзу әйел адамның бет терісіне де пайдалы. Суық су теріге массаж жасап өтеді, соның себебінен лимфа айналымы жылдамдап, тері қатаяды.

Әйелдерге арықтауға арналған жүзу техникасы

Жүйелілік – ең маңызды шарт. Күнара жүзуге бару тиімді, алайда аптасына екі рет жаттықсаңыз да, нәтиже байқауға болады. Күн сайын жаттығу бұрыннан дайындалып жүрген адамдарға тиімді болғанымен, жаңа бастаған адам тез шаршайтындықтан, ол керісінше, арықтауға кедергі болады. Таңдаған стильге байланысты сағатына 600 ккал жұмсауға болады. Негізі 45 минут жаттыққан дұрыс. Бастапқы кезде 10-30 минуттан бастайсыз. Алғашқы 10 минутты еркін стильдегі жай қозғалыстарға арнап, қалған 30 минут демалыссыз белсенді фаза болуы керек. Оған бірден үйренбейсіз, бастапқы кезде жылдам шаршасаңыз, судан шығып кетпей, қозғалыс қарқынын баяулатыңыз.

Белсенділік пен босаңсу фазасын кезектестіруді де байқап көріңіз. Бір жағына барынша жылдам жүзіп, кейін қарай жай ырғақпен қайтыңыз. Аса суық және тым жылы суда жүзуге болмайды. Бассейннен шыққаннан 1,5 сағат өткеннен кейін ғана тамақтануға болады. Оған дейін шыдай алмасаңыз, 1 стақан айран немесе тәтті емес жемістер жеуге болады.

Жүзу техникасы (стиль) 

Техниканың өзіңізге ұнайтынын және жаңа нәрсе үйрену үшін әртүрлісін таңдаған жөн. Сол кезде жаттығулардан жалықпайсыз және калория әртүрлі жұмсалады.

Баттерфляй (дельфин) техникасы күрделі саналады. Ол 10 минут ішінде 150 ккал жұмсауға көмектеседі және қозғалу координациясын жақсартады.

Фристайл техникасы аты айтып тұрғандай еркін стильге жатады. Ол барлық дене бұлшықеттерін қозғалтуға көмектеседі. Жеткілікті түрде қарқынды жаттықсаңыз, жаттығу соңына дейін 600-900 ккал жұмсауға болады.

Жаңа бастаушыларға брасс техникасы тиімді. Ол сан, бөксе, арқа және иық бұлшықеттеріне көбірек салмақ салады.

Әйелдерге жүзу арқылы арықтауға болатынына бәрі бірдей келісе бермейді. Қандай да бір қосымша жүктемемен бірге ғана арықтауға болады деп те санайтындар бар. Кей мамандардың айтуынша, жүзуден соң қатты қарын ашатындықтан, калория азаюдың орнына қосып алады екен. Кей адамдар жаттығуда қатты шаршайтындықтан, ештеңе істемей жата береді екен. Одан калория жұмсалуы азаяды. Алайда жағымды пікірлер көп. Егер жүзуден соң тамаққа деген тәбетіңізді ұстай алсаңыз, 3-4 аптада 5 кг артық салмақтан арылған адамдар бар. Ол көңіл күйді көтеруге де көмектеседі.

А. Жапатова