Протеин коктейлін қолдан жасау

Протеин коктейлін қолдан жасау
Фото: megediet.co.il

Ақуызды коктейльдердің басты қызметі — бұлшықетті өсіру.

Протеин коктейлін қай уақытта ішу керек? 

Жаттығуға 40 минут қалғанда және жаттығып болғаннан кейін 30 минуттан соң ішу керек. 

Жаттығуға дейін протеин толықтай қорытылуы керек. Сусынды дайындау кезінде қоспа көлемін, температурасын қадағалаңыз. Коктейльдің температурасы 37 градус шамасында болғаны жөн. Сонда ғана коктейль асқазан қызметін тездетуге көмектеседі. Сусынның көлемі 300 граммнан аспауы керек. Сүттің орнына айран не шырын қосуға болады.

Жаттығып болған соң 30 минуттан кейін протеин ішсеңіз, бұлшықетіңіз өсе бастайды. Негізінде, жаттығуды аяқтаған соң ағза ақуыз бен көмірсуларды молынан қажет етеді.

Бастапқы кезде жаттығудан кейін протеин коктейлін ішу қиын болуы мүмкін. Алайда біраз уақыттан соң ағзаңыз үйреніп кетеді.

Үй жағдайында протеин жасау үшін қандай тағам керек?

Протеин коктейлін дайындағанда 15-25 грамм ақуыз, көмірсулар, дәрумендер мен сұйықтық керек. Сұйықтық ретінде 200 мл сүт, айран не қышқылдау шырын қосуға болады. Протеин қаймақ тектес қоспа болып шығуы керек.

Протеин коктейлінің құрамы әдетте қандай болады?

Ақуыздар — 100 мл сүзбе, құрғақ сүт, жұмыртқа;
Көмірсулар — 15 гр тосап, бал мен қант;
Дәрумендер — жартылай банан, жеміс-жидек.

Сүзбе тез қорытылсын десеңіз, майсыз түрін алыңыз. Жұмыртқа міндетті түрде қайнатылған болуы керек. Протеиннің химиялық түрі ағзаға зиян болуы мүмкін. Сол себепті, ерінбей, үй жағдайында таза, табиғи компонеттерді пайдаланып, дайындап, ішкен жөн.

Классикалық ақуыз протеині

Оны дайындау үшін бізге:

350 мл сүт;
- 100 гр сүзбе;
- 4 жұмыртқа ағы;
- 1 банан;
- 1 шай қасық зәйтүн майы;
- 2 ас қасық бал керек.

Сусын көлемі 650 мл болса, протеин 45 граммды құрайды. Барлығын блендермен араластырыңыз.

«Т-72» ақуызды коктейлі

Оны дайындау үшін бізге:

- 200 мл айран;
- 60 гр құрғақ сүт;
- 1 ас қасық тосап;
- 1 шай қасық қант керек.

Мұның бәрін блендермен араластырып, ішіңіз. Коктейль көлемі 280 мл, ал протеин 25 граммды құрайды.

Әйелдерге арналған протеин коктейлі

Оны дайындау үшін бізге:

200 мл апельсин шырыны;
- 50 гр майсыз сүзбе;
- жарты банан;
- 25 гр шоколад не какао;
- 1 шай қасық тосап керек.

Мұның барлығын араластырыңыз. Жылы күйінде ішу керектігін ұмытпаңыз. Сусынның көлемі – 330 мл, ақуыз құрамы –10 грамм.

Г. Берік