Күз мезгіліндегі қол күтімі

Күз мезгіліндегі қол күтімі
Фото: cosmopolitan.gr

Күз – жыл мезгілдерінің арасындағы денсаулығымызға көп зиян тигізе алатын маусым. Бір қарағанда, күз аса суық мезгіл емес, алайда температура мен ауа райының жиі ауысуы, жел, жаңбыр, жоғары ылғал денсаулығымыз бен сымбатымызға зиянын тигізе алады. Күзде қыстағыдай қолғап кимейміз, сол себепті жаңбыр, суық жел – барлығы қолға әсер етеді. Қол терісі құрғап, қышып, қатпарлана бастайды. Терінің бетінде қызыл дақтар, жарықтар пайда болады.

Ең қызығы, қол терісінің күтімі үшін көп уақыт пен күш қажет емес, бастысы күтім тұрақты болуы қажет. Қол терісіне күтімді ерте кезден бастасаңыз, қолдарыңыз ұзақ жыл әсемдігін сақтай алады.

Қол жуу

Жылдың суық кезеңінде қолды, әсіресе, сабынмен жиі жуған дұрыс емес. Қол сыртындағы липидті мантия атты табиғи қабат қол терісін жұмсақ, иілгіш қылады, сонымен қатар бактериялар мен вирустардан қорғайды. Қолды терінің зақымдалуынан сақтау үшін күніне 3-4 реттен артық жумаған дұрыс. Сабын ретінде жұмсақ сұйық сабын қолданған абзал. Мұндай сабын құрамында табиғи ылғалдандырғыш компоненттер, өсімдік экстрактары мен майлар болады. Қолыңызды жылы, бірақ ыстық емес сумен жуыңыз (ыстық су қорғаныс қабатын кетіреді, оны құрғатып, қабыршақтандырады, ал тым суық судан қолыңыздың терісі қатайып кетеді).

Толыққанды тамақтану

Дәрумен тапшылығынан теріңіз одан әрі құрғайды. Тері саулығы үшін түрлі дәрумендер, темір мен кальций микроэлементтері, ақуыз қажет. Ағзаңызда осы заттар тұрақты түрде болуын қамтамасыз ету үшін көкөніс пен жеміс, сүт өнімдері, ет, балықты көбірек жеңіз.

Қорғаныс пен ылғалдандыру

Қолға көрсететін күтім нәтижелі болу үшін құрамында табиғи компоненттер мен биологиялық белсенді заттар бар құралдар қажет. Өсімдік экстрактары, майлар, дәрумендер мен глицерин күзгі қолға арналған кремнің құрамында міндетті түрде болсын. Қалыпты жағдайда мұндай кремді күніне екі рет жағу жеткілікті. Алайда қолыңыз тым құрғаған болса, қолды жуған сайын крем жағып тұрыңыз. Далаға шығардың алдында 20-30 минут бұрын крем жағып алған дұрыс, ол теріге сіңіп үлгеруі керек.

Жел мен суық ауа райы кесірінен қол терісінің қызаруы мен қатпарлануын емдеу үшін ұйықтар алдында қолыңызға қосымша күтім дауаларын жасаңыз. Мысалы арнайы крем не май жағып, қолғап киіп ұйықтаңыз.

Күзде қол терісіне қосымша күтім көрсетіңіз: қолға массаж жасап, терісіне арнайы сарсу, маска жағыңыз. Бір-екі рет салондық спа дауаларына да барып келуге болады. Мысалы орану дауалары жақсы нәтиже береді.

Г. Берік