Бетке арналған маскалар: С дәрумені

Бетке арналған маскалар: С дәрумені
Фото: loveincare.com

Біздің әжелеріміз тері сұлулығына дәрумендер мен жеміс қышқылдарының пайдасы туралы білгенге дейін де жеміс-жидектерден маска дайындайтын болды. Уақыт өте дәрумендердің әр түрлісін косметикалық құралдарға қолдануға болатыны анықталды. Алайда оларды тұрақтандырып, көп пайда тигізетіндей етіп, тері қабатына терең жеткізуді ұйымдастыру басты мәселелердің бірі болды.

А, Е және С дәрумендері − косметологияда жиі қолданылады әрі жоғары сұранысқа ие. А және Е дәрумендері майда тез еритіндіктен, оларды кремдер құрамына енгізу жеңілге түсті. С дәруменін тұрақтылыққа келтіру қиындау болды. 

Тері жастығы мен сұлулығына С дәруменінің рөлі

С дәрумені теріні ағартуға, теріні тегістеуге, жасартуға, тері тесіктерін тарылтуға және қара нүктелерді кетіруге көмектеседі. Өкінішке орай, бұл дәрумен тұрақсыз және жарыққа жылдам ыдырап кетеді. Бірақ ғалымдар оны тұрақтандыратын әдіс тауып, түрлі кремдердің құрамына пайдаланып жүр. Үйде дайындалатын маскалар үшін С дәруменінің тұрақсыздығы қорқынышты емес, себебі маска балғын азық-түліктерден дайындалып, ұзақ сақталмай, тек сол кезде қолданылады. Көп жағдайда С дәрумені жеміс-жидектер құрамында болады. Яғни, үй жағдайында дайындалған маска жеміс қышқылынан, С дәруменінен және басқа да ұқсас заттардан тұрады. Мұндай маскалар майлы, ластанған, ұсақ тесікті және пигменттері бар терілерге көмектеседі.

С дәруменін мына жағдайларда қолдануға болмайды:

- аллергияға бейім теріге;

- купероза кезінде (беттегі ұсақ тамырлар ауруы);

- тері қабатының қатты зақымдануында.

Мұндай маскаларды қолданған соң, бірден күннің көзіне шығуға болмайды. Егер далаға шұғыл түрде шығу керек болса, бетіңізге күннен қорғайтын крем жаққан жөн. 

Құрғақ теріге арналған маскалар

Мұндай типті теріге оны құрғатпайтын немесе аз құрғататын жеміс-жидектер таңдау қажет. Мысалы: жүзім, шабдалы, өрік, қарбыз, құлпынай, таңқурай, манго және т.б. Масканы тек қолданар алдында дайындау керек. Жеміс-жидектерді езіп, езбе жасаңыз. Талғамыңызға қарай, оған қаймақ қосуға да болады. Сонымен қатар, маскаға зәйтүн, күнжіт немесе жүзім дәнегінің майын қосса болады.

Терідегі дақтарды таза лимон және апельсин сусынымен сүртуге болады. Алайда, терінің әсерін мұқият бақылаңыз. Егер жағымсыз әсер байқасаңыз, бірден жуып тастаңыз. 

Жалғасы бар

А. Жапатова