Арықтау: Асқабақ диетасы

Арықтау: Асқабақ диетасы
Фото: www.eorder.net.cn

Қытайда асқабақ пен оның дәнін күйзелістің таптырмас емі деп есептесе, Испания мен Италияда ерте кезден асқабақтың өзін ғана емес, гүлін де тамаққа қолданады. Асқабақтың емдік қасиетімен қатар арықтатып, артық майдан арылтатын күші де бар. Назарларыңызға асқабақ диетасын ұсынамыз.

Бар болғаны 100 гр асқабақ ағзаға қажетті темірдің үштен бір бөлігін, Е дәрумені 15%, С дәрумені 70% тәуліктік мөлшерімен қамтамасыз етеді. Ал калориясы 100 грамда – 23 ккал. Асқабақ диетасын ұстағанда орта есеппен күніне 500 гр салмақтан арылуға болады.

Диета ұзақтығы: 12 күн

Ерекшелігі: Тұтынатын барлық тағамның негізгі компоненті – асқабақ болуы керек.

Күтілетін нәтиже: 12 күнде шамамен 6-7 кг.

Диета ұстау жиілігі: Жылына бір рет.

Қосымша эффект: Асқорыту жүйесін жақсартады, тері мен шашқа оң әсерін тигізеді.

Диета ұстауға болмайды: Кез келген созылмалы ауруы бар адамдар, жүкті және емізулі баласы бар әйелдер.

Диета 12 күннен тұрады, оны 4 тәулік сайын қайталанатын 3 кезеңге бөлеміз. Демек төрт күннен кейін қайтадан бірінші күннің ас мәзірінен бастайсыз. Асқабақтан дайындалған тағамнан кейін ашырқау сезімі әдеттегідей жиі болмайды және бұл диетада тағамның көлеміне шектеу қойылмайды. Рұқсат етілетін тағамды үш уақыт қалауыңызша жеуіңізге болады. Алайда бұл үш уақыттан басқа кезде ешқандай тіскебасарға рұқсат жоқ. Сонымен қатар сұйықтықтан тек газсыз су (1,5 литрден кем емес) және көкшай (3-4 кесе) ішу керек.

Бірінші күн

Таңғы ас. Миндаль және асқабақ қосылған салат (жаңғақ орнына асқабақ дәнін де пайдалануға болады) немесе майлылығы төмен сүт не суға пісірілген асқабақ ботқасы.

Түскі ас. Асқабақ езбе сорпасы.

Кешкі ас. Түрлі дәмдеуіштермен бұқтырылған асқабақ.

Екінші күн

Таңғы ас.  Миндаль және асқабақ қосылған салат (жаңғақ орнына асқабақ дәнін де пайдалануға болады) немесе майлылығы төмен сүт не суға пісірілген асқабақ ботқасы.

Түскі ас. Көкөніс сорпасы, асқабақ және жұмыртқа ағынан не сұлы жармасынан дайындалған котлет.

Кешкі ас. Алма (пешке пісірілген алмамен алмастыруға болады).

Үшінші күн

Таңғы ас. Миндаль және асқабақ қосылған салат (жаңғақ орнына асқабақ дәнін де пайдалануға болады) немесе майлылығы төмен сүт не суға пісірілген асқабақ ботқасы.

Түскі ас. Тауық еті мен көкөніс сорпасы.

Кешкі ас. Ананас пен асқабақтан дайындалған салат.

Төртінші күн

Таңғы ас. Миндаль қосылған асқабақ салаты (жаңғақ орнына асқабақ дәнін де пайдалануға болады) немесе майлылығы төмен сүт не суға пісірілген асқабақ ботқасы.

Түскі ас. Көкөніс сорпасы немесе борщ және буда пісірілген көкөністер.

Кешкі ас. Асқабақ пен өзге де көкөністер (картоптан басқасы) қосылған бұқтырылған рагу.

Диетада берілген тағамдардың дайындалу жолдары:

Миндаль және асқабақ қосылған салат

Қабы мен дәнінен тазартылған 100 гр шикі асқабақты жіңішкелеп тураңыз. 2 шай қасық ұсақталған жаңғақ қосып, аздаған бал, зәйтүн майы немесе қоспасыз йогуртпен араластырыңыз. Салат дайын!

Асқабақ ботқасы

500 гр тазартылған асқабақты төртбұрыштап турап, 1 л су құйып жұмсарғанша қайнату керек. Алдын ала суға бұқтырылған 7 ас қасық қоңыр күріш салып, күріш піскенше тағы қайнатыңыз. Одан кейін бір стакан майлылығы төмен сүттен аз-аздан құйып, араластыра отырып тағы 5 минут қайнатыңыз. Аздап тұрғаннан кейін жылы күйінде де, салқындай да ішуге болады.

Асқабақтан дайындалған котлет

Шағын асқабақты тазалап, көзі үлкен үккіштен өткізіңіз. Отта бұқтырып, суытып алғаннан кейін 1 стақан сұлы жармасын, аздаған тұз бен екі жұмыртқаның ағын қосыңыз. Әбден араластырып, шағын котлеттер дайындаңыз. Табаға аздаған сұйық май құйып, пісіріп алыңыз. 

Дереккөз: anabol.kz

Н. Үсенова