Ерінге арналған біз білмейтін бояулар

Ерінге арналған біз білмейтін бояулар
Фото: beautyinfo.com

Ерінге арналған бояулар десе гигиеналық, жылтыр, бірқалыпты далаптар, ары кетсе вазелин есімізге түседі. Ал олардан өзге гель, плампер секілді бұйымдарды естіп көрдіңіз бе? Осы өнімдердің қолданылуы және пайдасымен танысайық.

Плампер (plumper)еріннің көлемін аз уақытқа (3 сағатқа дейін) үлкейтіп көрсететін өнім. Плампер даршын, жанжабіл, қызыл бұрыш және т.б. арнайы заттардан тұрады. Осы заттар ерінді күйдіріп, ерінге қан құйылу үдерісін тудырады. Пламперді ерінге жаққан соң, еріннің томпиып, үлкейгенін байқайсыз. Плампер ерінге арналған түссіз крем, далап, ерін жылтырағы және бальзам ретінде өндіріледі.

Ерінді нәзік көрсетуге арналған (тонирующий) гель. Ол сұйық не гель негізіндегі құрал. Ерінге шиедей қызыл түс бергенімен, боялғаны білінбей, еріннің өз түсіндей көрінеді, табиғи әрі жарқын түс келтіреді. Бұл косметика табиғи макияж және боянбаған эффект беруге керек құрал. Бұл гель тез кеуіп кетуімен ерекшеленеді, сондықтан оны жылдам жағу қажет. Ерінге арналған жылтырақ немесе бальзам ретінде шығарылады. Пішіні бойынша фломастер және шары бар құты түрінде өндіріледі.

А. Жапатова