Шашқа арналған лак пен гельді қолдан жасайық

Шашқа арналған  лак пен гельді қолдан жасайық
Фото: tipslife.ru

Шашқа арналған мусс, көбік, лак пайдаланған ыңғайлы, бірақ олар шашты табиғилықтан айырып, бірте-бірте өңін кетіреді. Лак себу аллергиясы не тыныс ауруы бар адамдарға зиянды. Егер сіз салауатты өмір салтын ұстанып, қоршаған ортаның тазалығын сақтайтын болсаңыз және шашқа арналған дайын құралдардың иісін жақтырмасаңыз оны үйде дайындап үйреніңіз. Шаш сәндеуге арналған бұйымдарды үй жағдайында табиғи өнімдермен жасау жолын ұсынамыз.

Лимоннан жасалған лак. Бір лимонды бірнеше бөлікке бөліңіз. Кесілген лимонды ыдысқа салып, 1 стақан су құйып, алдымен қарқынды отта қайнатыңыз. Содан соң отты бәсеңдетіп, ыдыстағы су көлемі екі есе азайғанша, қайната беріңіз. Суытыңыз да, суын төгіңіз, оған 1 ас қасық спирт құйыңыз. Дайын лакты бүріккіш ыдысқа құйып алыңыз. Табиғи лак қолдануға дайын.

Желатиннен жасалған гель. Бұл құрал жұқа шаштыларға жақсы көмектеседі, себебі желатин шашты қалың әрі тығыз етеді. Бұл гельді дайындау үшін 1 ас қасық желатинді сумен араластырып, бөрту үшін стақанда бірнеше сағатқа қалдырыңыз. Содан соң желатин еру үшін ыдысты ақырын қыздыру қажет. Суыған соң, желатинді гельдің орнына қолдана беруге болады. Қалауыңыз бойынша сірке су не бал қосуға болады.

А. Жапатова