- Негізгі бет
- Сымбат
- Арықтау үшін қалай...
Арықтау үшін қалай жүру керек?
Жаяу жүрудің арықтау үшін пайдасы мол. Аэробика немесе басқа спорт түрлері секілді кері әсері де жоқ. Бар болғаны спорттық аяқ киім қажет. Тіпті ескісі де жарай береді. Ең бастысы, кез келген жерде айналыса беруге болады.
Жай ғана жүру арқылы қалай арықтауға болады? Осы сұрақтың жауабын табу мақсатында мамандардың көмегіне жүгіндік. Олар жүрудің көмегімен арықтап қана қоймай, бойды тік ұстап, күйзелістен арылу тәсілін айтты.
Қалай дұрыс жүреміз? Мақсат – бойды тік ұстау
Екі иықтың алға ұмтылып, бастың салбырауы сырт көзге ұсқынсыз болып көрініп қоймай, денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, басымызды салбыратқан кезде миға көмірқышқыл газы аз барып, тез шаршайды екенбіз. Мұнымен қатар, бетімізде әжімдер ерте пайда болады.
Жүріп бара жатып бойды тік ұстап үйрену өте оңай. Бойымызды тік ұстағымыз келсе, тепе-теңдікті сақтағанымыз жөн. Егер бүкіреймей, тік жүруді үйренгіңіз келсе, төмендегі бірнеше ережені ескеріңіз.
Жерге емес, алдыңызға қараңыз. Әрине сақтықта қорлық жоқ. Аяғыңның астына қарап жүрген дұрыс. Алайда біз төмен қараған кезде иегіміз кеудемізге жақындайды. Осының салдарынан иығымыз салбырайды. Осындай жағдайды болдырмас үшін 5-10 м алдыңызға қарап жүріңіз. Жердегі шұңқырға түсіп кетпес үшін осының өзі жеткілікті болады. Ал көзіңіз нашар көрсе, линза немесе көзілдірік тағыңыз.
Мойныңыздың ауырғанын сезсеңіз, басыңызды тік ұстауға тырысыңыз. Уақыт өте келе омыртқаңызды түзей түсіңіз.
Кеудеңізді шығарып, иығыңызды артқа тартып жүруден қысылмаңыз. Есіңізде болсын: біздің омыртқамыздың формасы латынның S әрпіне ұқсайды. Яғни кеудеміз алдыға, жамбасымыз артқа қарай шығып тұруы тиіс.
Ішіңізді тартыңыз. Осылайша омыртқаңызға артық салмақты көтеруге көмектесесіз.
Аяғыңыз бен бөксеңіздің бұлшық еттерін босаңсытыңыз. Көп адам жүріп бара жатқан кезде аяғы мен бөксесіне артық салмақ түсіреді. Бұл да өз кезегінде омыртқаға кері әсеріне тигізеді. Жүріп бара жатып аяғыңыздың талғанын сезінсеңіз, оларды сілкіп алыңыз.
Аяғыңызды қатты ашпаңыз. Қатты ашатын болсаңыз, сіңіріңізді созып аласыз. Ал сіңіріңіз созылған кезде жамбас сүйегіңіз қисаяды.
Арыктау ушин қалай жүреміз? Мақсат – арықтау
Жүріп бара жатқан кезде артериялық қысым қалпына келіп, дене бұлшық еттері іске қосылады. Мұнымен қатар, артық салмақтан арыласыз. Тамақты дұрыс ішіп, артық салмақтан арылып, жетпесе қосып отырған жөн. Жүру арқылы да артық салмақтан арыла аламыз. Бұл үшін біраз еңбектенуімізге тура келеді.
Арықтағыңыз келсе, күніне кем дегенде 30 минут жүріңіз. Осы әрекетті аптасына 4-5 рет қайталағаныңыз жөн.
Алғашқы 4 аптада күніне 30 минут жүруге дағдыланыңыз. Бастапқыда 30 минут қиын болса, 15 минуттан бастап, артынша 2-3 минуттан қосып отырсаңыз болады. Келесі 4-8 апта аралығында жүру қарқынын күшейтуге тырысыңыз. Аптасына 6-7 рет серуендеп, 30 минуттан 45-60 минутқа көшіңіз.
Қарқынды күшейте түсіңіз. Бір сағат бойы кездесуге кешігіп бара жатқандай жүруге тырысыңыз. Жылдам қозғалуға қолыңыз да көмектессін. Адымдарыңыздың арасын майдалап, жылдам жүруге тырысыңыз.
Маманның пікірі: «Жүрістің қарқындылығы қандай болатыны адамның физикалық денсаулығына, жасына байланысты. Жоғарыдағы жаттығулармен айналыспас бұрын арнайы мамандарға қаралыңыз. Жүрегіңіз бен артериялық қысымыңызды тексертіңіз. Егер дәрігерге баруға мүмкіндігіңіз болмаса, жүрек соғысына назар аударыңыз. Ол үшін қарапайым формуланы пайдаланыңыз. 220 санынан жасыңызды алып тастаңыз. Мысалы, 22 жаста болсаңыз, жүрегіңіз минутына 182 рет соғуы мүмкін. Бұл – максимум көрсеткіш.
Қ. Бүйенбай