Сәннен қалған макияждар

Сәннен қалған макияждар

Сән әлемі шексіз әрі тұрақсыз. Дизайнерлердің түн ұйқысын төрт бөліп жасаған туындылары, сән индустриясына қомақты қаржы әкелген, талайларды табындырған идеялары ертеңгі күні күл-қоқысқа айналады. Бұл тек киімдер мен аксессуарларға ғана емес, макияжға да қатысты.

Жасанды тырнақ жасату. Бұл сән пайда болғанда арнайы курстар мен салондар жер-жерде көптеп ашылып, жасанды тырнақ жасату дереу қолға алынды. Нағыз әйел заты атанғысы келгендердің бәрі жарыса жасанды тырнақ жасатты. Бірде-бір мерекелік шаралар жасанды тырнақсыз өтпейтін болды. Бақытымызға орай, жасанды тырнақ сәннен кетті. Алайда оған бауыр басып алғандар бұл жайтпен келіспейді. Себебі ұзын тырнақ кез келген уақытта суырып алуыңа болатын қыныңдағы қанжар сияқты адамға сенімділік, батылдық береді. Сондықтан жасанды пластинаның табиғи тырнақтың бүкіл майын сорып, зиянды әсер ететініне қарамастан, көптеген қыз-келіншектер жасанды тырнақпен қоштасқысы келмейді.

Жасанды кірпік жасату. Өткен ғасырдың 60-жылдары сән-салтанат құрған жасанды кірпік жасату үрдісін кірпіктеріне көңілі толмайтындар қуана қарсы алды. Ал стилистер мен визажистер жалпы жасанды кірпіктің подиумда сән көрсетілімдері кезінде ғана сәнқойлардың пайдаланатынын айтады.

Жасанды кірпікті мәпелеп күтіп, майлап, мезгіл-мезгіл кестіріп отыру қажет. Жасанды тырнақ пен кірпік жапсыратын желімдердің адам денсаулығына зиян екенін ескерту артық болар.

Тіпті моншаға бара алмай қалғанына да қарамастан, бірқатар бикештер әлі күнге дейін найзадай қайқиған кірпіктеріне дән риза. Дегенмен жасанды кірпік пен жасанды тырнақты жасатуды ер-азаматтардың түсінбейтіні рас. Сол себепті ойланыңыз.

Сурет: ©Дана Нұрмағанова

Ұқсас жазба:

Макияж жасауда жіберілетін қателіктер

Ф. Абилова