Қыстағы шаш күтімі. Бал маскасы

Қыстағы шаш күтімі. Бал маскасы

Қыстың суық желі мен кеңсе ішіндегі жылу әсіресе шашқа кері әсерін тигізіп жатады. Осы орайда шаш саулығына кәдімгі бал жақсы көмектеседі.

◊ Шашыңыз құрғақ болса

Құрғақ шашты күту оңай шаруа емес. Суықтың әсерінен шаш одан сайын құрғайды.

Мына бал маскасын қолданып көріңіз:

Екі кеселік жылы суға балды салып ерітіп, шашқа жағыңыз. 10 минут күтіп, жуып тастаңыз.

◊ Шашыңыз түсе берсе

Шаштың түсуі бұл күні бәрінің басында бар деуге де болатындай. Күйзеліс, темірдің жетіспеуі, дәруменнің аздығы ағзаны әлсіретіп, шашқа да кері әсерін тигізеді. Балдың құрамында дәрумен көп болғандықтан, шашыңыз түссе, бал маскасын жасаңыз:

Жылы су мен бал қоспасын шашқа айналдыра жағыңыз. Шаштың түбіне жағып болған соң, бұрымға да жағуды ұмытпаңыз.

◊ Шаш өсіру үшін

Балдың құрамында шашқа қажетті біраз дәрумен бар екенін айттық. Соның ішінде Е дәрумені шаш терісін емдеп, шаштың өсуіне көмектеседі әрі шашты мықты қылады. В дәрумені де шашты жақсы өсіреді.

Мынадай бал маскасын ұсынамыз:

Аптасына бір рет алақаныңызға сусабын мен бір қасық балды тамызып, араластырыңыз. Осы қосындыны шашқа жағып, жылы сумен жуу керек. 

Балдың пайдасы ұшан-теңіз. Бал ағзаға пайдалы дәрумен ретінде ғана емес, терінің, беттің күтімі үшін де қолданылады. Бал ваннасы теріні жұмсартып, зат алмасуды жақсартады. Сондықтан балдан бас тартпаңыз! 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: shkolazhizni.ru 

Р. Роза