Балдың емдік қасиеті

Балдың емдік қасиеті

Емдік қасиеті ерте кезден-ақ белгілі болып, түрлі ауруларға қарсы әркім өзінше пайдаланып келген бал суық тигенде, жүрек, өкпе, бауыр, асқазан, бүйрек, ішек, жүйке ауруларына, аптап ыстықта қан қысымының көтерілуі сияқты дерттерге аса шипалы. Балды созылып, асқынып кеткен жарақатқа, терідегі сызат-жараларға жағуға болады. Соған орай, балды кейбір ауруларға қалай пайдалануға болатынын білген артық емес.

Суық тиіп, тұмауратқан кезде балды ыстық сүтке немесе лимон шырынына қосып аурудан айыққанша ішкен дұрыс. Бір стакан ыстық сүтке қосып, бір шәй қасық бал ішу керек. Бір лимон шырынына 100 грамм бал қосып, араластырып, сұйылған кезде пайдаланған жөн. Егер де жаз мезгілінде ауырып қалсаңыз, қайнаған жылы суға бір шәй қасық бал қосып, ішіңіз. Жөтелді басу үшін ыстық шәй-сумен қатар, күніне 3-4 шәй қасық балды жеу керек. Тамақ қызарып, тыныс жолдары бітелген кезде қайнаған суға 1 ас қасық бал қосып, ауыз бен мұрынды булаңыз.

Жүрек ауруына шалдыққан жандар балды жеміс-жидектердің шырынына қосып ішсе, оның жағдайы жақсарып, жүрек соғысы түзеледі. Өт пен бауыр жолдары ауыратын жандар балды ірімшікке, сәбізге, лимон шырынына, қызылшаға қосып пайдаланса, ауруынан айығады. Сондай-ақ, бал өт жолы мен бүйректе тас пен құмның жиналуынан сақтайды. Өкпе ауруына шалдыққан жандардың күнделікті 100-150 грамм бал пайдаланғаны жөн.  

Асқазан, ішек ауруына шалдыққан не қышқылы қалыпты нормада болмаған жандар балды тұрақты пайдаланса, ас қорыту қызметі жақсарады. Асқазанында жарасы бар жандар тамақтың алдында 1,5-2 сағат бұрын және тамақтан кейін 3 сағат үзбей 1 шәй қасық бал жеп отырса, ауруы бәсеңдеп, жүрек айнуы және асқазанның қыжылдауы басылады. Қышқылы аз адамдар бір ас қасық балды тамақты ішер алдында ғана жесе, ол ас қорытатын шырынның көбірек бөлінуіне ықпал етеді. Ал кері жағдайда, яғни қышқылы көбірек болса, тамақ алдында балды тұрақты түрде пайдаланып отырса, асқазан қышқылын азайтады.

Балық майымен араластырылған бал асқынған жарақатты тез жазады. Күйік шалған жерге күніне екі мәрте бал жағатын болса, тері тартылып, жазылады. Балды косметикалық мақсатта да пайдалануға болады. Сәбізді үккіштен өткізіп, оны балмен араластырып, бет-мойынға жағуға болады. 15-20 минуттан кейін жылы сумен шайып жіберсеңіз, теріңіздің нәрленіп, жұмсарғанын аңғарасыз.  

Жылдың кез келген мезгілінде күнделікті таңертең аш қарынға бір шәй қасық бал қосылған бір стакан қайнаған не минералды суды ішсе, адам ағзасы тазарып, қан айналым жүйесі жақсарады. Бал қан құрамындағы гемоглобинді көбейтіп, ағзадағы қанның азаюына жол бермейді.

Егер де балдың тәтті дәмін аса ұната бермесеңіз, оны дәрумендерге бай жеміс-жидектермен, жаңғақ-дәндермен араластырып, пайдалануыңызға болатынын естен шығармаңыз.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: sitesovety.ru

Ғ. Ұзақ