Қасты дұрыс пішіндеу жолы

Қасты дұрыс пішіндеу жолы

Дұрыс таңдалған қас пішіні беттің сәнін келтіреді. Қыздардың қастарына үлкен мән беретіндігі де сондықтан. Мінсіз қас пішіні бетіңіздің пішінін, жақсы жақтарын дұрыс көрсетіп, кемшіліктерін жасыра алады. 

Қазірде жұқа қас пішіні сәнді саналмайды. Мұндай қас жасанды, оғаш көрінеді. Қасыңызды көбірек алып тастауға тырыспай, оның пішінін реттеп отырсаңыз болғаны. Арасына уақыт салып, қасыңызды сұлулық салонына барып жұлдырып тұрыңыз. 

Қас жұлдырту мәселенің бір жартысы, күнделікті қасыңыз әдемі көріну үшін оны бояп тұру керек. Бұл жерде артық кетіп қалмау өте маңызды. Көмекке біздің кеңестеріміз келеді.

Дайындық

Сізге қас жұлғыш пинцет, сіздің қасыңыздан бір реңкке ашығырақ түсті қасқа арналған косметикалық қарындаш, сіздің қасыңызға келетін түсті қас немесе қабақ бояулары, көз бояуын жағуға арналған кішкентай жаққыш, қасқа арналған щетка (ескі тушьтың жаққышын жуып, кептіріп қолдануға болады), қасқа арналған гель қажет болады.

Ең біріншіден, қастан алшақтау, астында, үстінде өсіп тұрған артық қастарды жұлып тастаңыз. 

Щеткамен қастарды төмен қарай бағыттап тараңыз. Қарындаш көмегімен қастың ортасынан бастап (қастың иілген жерінен ұшына дейін) жоғарғы шекарасын сызыңыз. Қастың басын қарындашпен сызуға кеңес бермейміз, бұл өте жасанды көрінеді.

Енді щетка көмегімен қасты жоғары бағыттап тараңыз. Қастың астыңғы шекарасын басынан бастап, ұшына дейін сызыңыз. Қастың ұшында сіз салған екі шекара бір нүктеде аяқталу керек.

Кішкентай жаққыш көмегімен қасқа арналған бояуды (қабаққа арналған бояуды қолдануға болады) жағыңыз. Жеңіл қимылдаңыз. 

Қасты тағы да щетка көмегімен тараңыз. Бұл артық бояуды кетіріп, қарындашпен жағылған шекараның түсін жұмсартады. Артынан қасқа арналған гель жағып, тағы бір рет тарап жіберіңіз: бұл пішіннің ұзақ сақталуына көмектеседі.

Тақырып бойынша:

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: audreymagazine.com

С. А