- Негізгі бет
- Бойжеткен
- Әйгілі әйелдер бейнесіндегі...
Әйгілі әйелдер бейнесіндегі барби
Барби қуыршақтарын шығарушы Mattel компаниясы "Шабыттандырушы әйелдер" аталатын жаңа топтама шығармақ. Алдағы уақытта барша әлем бүлдіршіндері суретші Фрида Кало, авиатор Амелия Эрхарт немесе физик Кэтрин Джонсонға ұқсайтын қуыршақтармен ойнау мүмкіндігіне ие болады.
Әйгілі әйел бейнесіндегі әр қуыршақтың жанында сол тұлға туралы толық ақпарат болады. Мысалы, Эрхарт Атлант мұхиты үстінен ұшып өткен тұңғыш әйел-авиатор, Фрида Кало – айрықша стильдегі туындылары арқылы танылған қылқалам шебері. Ғалым Кэтрин Джонсон АҚШ-тың аэронавтикасы мен ғарыштық бағдарламаларын жетілдіруге өлшеусіз үлес қосуымен қатар, НАСА агенттігі үшін 1969 жылы Аполлон 11 кемесінің Айға барар жолдағы траекториясын сызды.
"Бренд бүлдіршін қыздардың потенциалын ашуды мақсат тұтады. Barbie қуыршақтарын осындай жаңа форматта ұсынудың өзіндік философиясы бар. Бала кім екенін білмейтін адамға ұқсай алмады. Ал, қуыршақ образдар олардың алдына жаңа армандар қоюға итермелейтіні анық. Біз соған сенеміз", – дейді компанияның вице-президенті Лиза Макнайт.
Ғалым-қуыршақ бейнесінің прототипі Кэтрин Джонсон өзінің образын жасау жұмыстарынан көмегін аямай, өз үлесін де қосып жатқан көрінеді.
Осыған дейін ең танымал қуыршақтар шығарушы Mattel компаниясы "Шеро" сериясын ұсынған болатын. Оның құрамына қазіргі заманда танымалдыққа ие болған 14 кейіпкер енген. Мысалы, Олимпиада чемпионы Хлоя Ким, режиссер Патти Дженкинс, Ава Дюверней, актриса Эми Россум, балерина Мисти Коупленд т.б.
Ал, "Шабыттандырушы әйелдер" топтамасы қазақстандық тұлғалар негізінде жасалса, кімді ұсынар едіңіз? Не себепті?
А. Оралқызы