Хатшы қыз

Мағжан бүгін ерте тұрып алды. Жуынып, әбден шайынып алған соң, үйдегілердің тұруын күтті. Бірақ ешкім тұрған  жоқ.  Бәрі қырылып қалғандай. Жан-жағына әлі де болса үмітпен қарап жүр.  Алайда ешкімнің ұйқыдан тұрар ойы жоқ.  Ренжиін деді. Бір-екі рет дәліз бойымен жүріп өтті де, ашуы алқымға келіп, асығып жұмысқа кетті де қалды.

Жол бойы ой үстінде болды. Үйленгеніне 15 жыл болыпты. Әлі бала сияқты. Кез келген нәрседен ілік тауып, шамданып жүреді. Балалары болса өсіп те қалды. Мектептің орта тұсына келген. Оларға өкпесі жоқ.  Бірақ, анау қатынға не болды деп басы қатып келеді. Қатыны ұмытпайтын (15 жылда бірінші рет осылай атап тұр). Жыл бойы осы күнді күтетін. 1 сәуір күні таңертеңнен тұрып алып, ерекше сый дайындап отыратын.  Оның біреуі де жоқ. Өкпелеттім дейін десе, оған себеп болардай жағдай да таба алмады. 8 наурызды дүрілдетіп тұрып өткізді. 22 наурызда да үй ішін сыйлық дегенге қарық қылды. Онда не болды деп ойлады... Ең болмаса жылына бір келетін туған күнді үй-іші қалайша ұмытып кеткен. Жай туған күн де емес. Айтулы мерекемен қатар өтетін сәт. Тісін бір қайрап алды.

Жұмысқа келген бойда, жеке бөлмесіне кіріп кетті. Сонда ұзақ отырды. Үстел алдыңдағы үй-ішінің суретін көрді де,  теріс қаратып қойды.  Өкпесінің бір түрі. Одан басқаға шамасы келер емес. Жұмыстастарынан ешкім де келіп құттықтаған жоқ. Бір кезде бөлмесіне хатшы қыз кірді.

Жүзі ерекше толқып келіп, бастығын туған күнімен құттықтады. Мерейі өсіп, көңілі көтеріліп қалды. Осы хатшы қызды жұмысқа алғанына қуанып тұр. Хатшы қыз да бастығын үсті-үстіне таңқалдырып жатыр. Сөз соңында Мағжанды мейрамханаға шақырды.

... Мейрамханадан шыққан соң, хатшы қыз өз үйіне баруды ұсынды. Мағжан бірден келісе кетті. Үйінде жалғыз тұрады екен. Екеуі бірге отырып шарап ішті. (Әйел заты бірден мас болмайды емес пе, Мағжанның басы кете бастады).  Бір уақытта хатшы қыз келесі бөлмеге барып келуге сұранып кетті.

Мағжан аз-маз қызарып алған. Ойы бұзылайын деді. Хатшы қыз қарап тұрса, сүйкімді екен. Бұрын қалай байқамай келгеніне қайран қалды. Оның үстіне қасындағы үстелдің қырында әлеміш-жәлеміш журнал жатыр.  Анау журналды көруі мұң екен, Мағжанның бір бағытқа түпкілікті ойы бекиін деді. Терлеп кетті. Көйлегінің бір-екі түймесін ағытып қойды. ( Мағжан мас болғанда, өзінің не істеп, не қойғанын білмейтін. Өмірі артынан бармақ шайнап жүретін). Ұзақ күтпеді. Арғы бөлменің есігі ашылайын деді. Күткен сәт. Жамыраған дауыс шықты. Түсінбей қалды. Бөлмеден әйелі, бала-шағасы, тума-туысқаны шыға келді. Мұншама сыйлықтың боларын кім күткен. Ауызы ашылып тұрып қалыпты. Алдын ала ұйымдастырылған шара екені көрініп тұр. Өзінің туған күнін ғана ойлаймын деп бүгінгі күннің алдау күні екенін ұмытып кетіпті.  Ішінен: «Ах бәлем, Шолпан!»-деді.

Форумда талқылау

Суреттер: idealservice.it