Жалғыздықта да бақыт бар

Жалғыздықта да бақыт бар
Фото: Google+

Байқаусызда келген бақты абайсызда жоғалттым. Жазықты – өзім. Бабын таптым, артын бақтым, бұйырмас... Бір кезде маңдайдан өпкен тәтті сезім өзектен теппесін дедім. Өкініші көп өмірге өкпе артып қайтейін?! Онсызда ғұмыр аз ғана...

Жазылмаған жолдарымның "жалғызы" едің, қанша жыл өтсе-дағы "жалғасы" боп қайта ендің. "Біздіктен" баз кештің де, "мендікке" жарық жақтың. Құзға итергеніңмен, құлатпадың, өз биігіңде қалдырдың. Шыж-пыж мінезбен шүйліккеніңмен, қиялыма шабыт бердің, шираттың. Кектену, өш алудан тартынбағаныңмен, кіршіксіз көңілден тартындың. Жалған сезім, сылдыр сөз, құрғақ уәденің махаббатқа жат ұғым екенін кеш ұқтың. Жеткен жеңісің бе, жетілмеген жемісің бе – өзіңе қалдырдым. Саған тиесілі сезімді балқытпадым. Тұншықтырдым да, жүректің тереңіне тастадым. Мен сені түннен жалғасқан әр таңымда күттім. Күттім де, бетпе-бет жазу үстелімде жолықтым. Күнделігім біз кездескен әр күннің қасіретін жұтты. Әр секундтың зілінен батыр қаламым бұқты. Қаншама дүние іште өлі кетті.

"Жалғыздық – жанымның, іштегі бітпес жарамның жұбанышы". Оны мен секілді жұрт жақсы көріп, не еріккеннен жолдас етпейді. Жүрек қалауынан тыс... Ол да тағдырдың бір сыйы, кезекті сынағы. Төрт қабырғаға телмірген уақыттың текке өлгеніне кімді кінәлайын?! Сауабы жоқ құр сезім мен соңы жоқ бос қайғыдан, дүниенің сасығы мен пысықайлардың пасықтығынан жалғыздығым әлдеқайдаа артық. "Жалғыздық тек Құдайға жарасады"... Бұл сөзіңе "хош" деуші ем. Сөйтсем, "жалғыздық – дана адамдар тағдыры". Еріксіз мойындадым. Мойындатты. Жалғыздықта да бақыт бар!

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі  біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі  біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com

 

Ә. Жутаева