- Негізгі бет
- Аспаздық
- Топ-7: Пайдалы кавказдық...
Топ-7: Пайдалы кавказдық тағамдар
Кавказ тұрғындары ұзақ өмір сүрушілер қатарына жатады. Ғалымдардың ойынша, Кавказ тұрғындарының ұзақ өмір сүруіне олардың дәстүрлі тамағы ықпал етеді. Себебі ағза жылдан жылға дәрумендер мен минералдардың қажетті мөлшерін алады. Кавказ ас үйінде ірімшік, қой еті, ешкі еті, сиыр еті, мерзімдік көкөністер, жемістер және дәмдеуіштер басым болып келеді. Сонымен қатар, олар су (шөптер қайнатпасы) мен сүт қышқылды өнімдерді (айран, тан) көп ішеді. Кавказ ас үйінің ең пайдалы 7 тағамын ұсынамыз.
Долма
Бұл тағам голубцыға ұқсайды, бірақ салындыны қырыққабат жапырағына емес, жүзім жапырағына орайды. Бұл тағам пайдасының құпиясы сол жүзім жапырақтарында екен. Себебі 5 жүзім жапырағында А дәруменінің тәуліктік нормасы болады. Долмаға арналған салындыны күріш пен ет фаршынан жасайды. Бұл екі ингредиент те тағамға құнарлық сыйлайды: бір порцияда шамамен 25 г ақуыз, 28 г май және 25 г көмірсулар болады. Долманы қуырмайды, қайнатады – ол тағамды одан әрі пайдалы етеді.
Баклажан рулеттері
Баклажан – Кавказдағы басты көкөністердің бірі. Баклажан А, В, С, РР дәрумендеріне және минералдарға бай. Рулеттерді түрлі салындымен дайындайды: грек жаңғағы, сәбіз, сарымсақ, қызанақ, құс еті. Бірақ оның барлық рецептінде күнзе болады. Бұл дәмдеуіш ауырсынуды басатын және тыныштандыратын әсерге ие. Ол қан тамырларды кеңейтіп, қандағы қант деңгейін төмендетеді.
Бозбаш
Тойымды әрі хош иісті сорпа нұт, қой еті, пияз, қызанақ, картоп және дәмдеуіштерден тұрады. Бұл ингредиенттердің арқасында тағам үйлесімді болады: бір порцияда 25 г ақуыз, 28 г май және 30 г көмірсулар бар. Бірақ оның басты құндылығы – ол нұт. Ол басқа бұршақ тұқымдастар секілді калориялы, оның құрамында көп жасұнық, В тобының дәрумендері, кальций, калий және магний бар. Бұл заттар жүйке және жүрек жүйесі жұмысын ұстап тұрады, қандағы қант деңгейін реттейді және ас қорыту мен ми жұмысына көмектеседі.
Сациви
Сацивидің рецептісі өте көп, бірақ оған қосылатын дәмдеуіштер өзгермейді: имеретиндік шафран, уцхо-сунели, күнзе, сарымсақ, бұрыш, лимон немесе анар шырыны. Олар бүкіл ағзаға пайдалы. Мысалы: күнзе – жүрек пен ас қорыту жүйесіне, уцхо-сунели – асқазан шырышына, сарымсақ – қабынуға қарсы, бұрыш – қан ауруларына қарсы.
Пхали
Бұл тағамды қызылша, қырыққабат, сарымсақ, бұрыш, пияз және дәмдеуіштерден дайындайды. Жас қызылша жүрекке өте пайдалы. Сонымен қатар, оның құрамында миға пайдалы В тобының дәрумендері, қанға пайдалы Р тобы дәрумендері және ас қорытуға пайдалы сирек кездесетін U тобының дәрумендері бар.
Дағыстандық көксерке
Дағыстан, Грузия және Абхазия халқы теңізге шығатындықтан балықты еттен аз жемейді. Олар балықты шоққа немесе табаға аз май құйып қуырады. Содан соң пияз, картоп, қаймақ қосып, пешке бұқтырып пісіреді. Көксерке (судак) – құрамында А, В, Е, С, РР дәрумендері, кальций, калий, фосфор, күкірт, хлор минералдары және 20-ға жуық аминқышқылдары бар пайдалы балықтың бірі.
Лобио
Ол үрмебұршақ (фасоль), пияз, сәбіз, қызанақ және дәмдеуіштерді бұқтырып пісіретін тағам. Үрмебұршақ гемоглабин деңгейін арттырады, ағзаға жұқпамен күресуге көмектеседі, несеп айдағыш қасиетке ие, жүйке және жүрек жүйесіне пайдалы. Бірақ оның басты артықшылығы – ақуыздар, көмірсулар және жасұнықтардың үйлесімділігі. Соның арқасында ұзаққа дейін тойып жүресіз.
А. Жапатова