Тамақтану өнімдеріндегі жаңа трендтер

Тамақтану өнімдеріндегі жаңа трендтер
Фото: bigomart.info

Тренд тамақтану өнімдеріне де тарайды. Байқаған болсаңыз, бір кездері интернетті чиа дәндері жаулап алды. 2019 жылы тамақтанудағы тенденциялар өзгерді. Ендеше, тамақтану өнімдеріндегі жаңа трендтер қандай?

Экзотикалық жемістер

Алма, алмұрт, қараөрік және шабдалы секілді жемістер барлық дүкен сөрелерінде толып тұрғандықтан және қолжетімді болғандықтан қарапайым өнімдер қатарына еніп, ерекше сезім сыйлаудан қалып барады. Сондықтан кей адамдар экзотикалық жемістердің дәмін көргісі келіп, оларды ірі супермаркеттерден іздейді.

Жаңа сезімдерді жақсы көретін адамдардың дастарханынан жиі карамболаны көруге болады. Бұл жемісті кескенде жұлдызға ұқсайды. Оның дәмі жүзім, алма және апельсинге ұқсайды. Оның екі түрі болады: тәтті және қышқыл. Тәтті түрін тамаққа, ал қышқыл түрін шырындар дайындауға қолданады.

Питайя (айдаһар жеміс) инстаграмды толтырып үлгерді, сондықтан оны жеп көргісі келетіндер саны артып жатыр. Оның сыртқы сұлулығымен қатар дәмі де тәтті болып келеді.

Личи – шағын жеміс. Оның сырты кішкентай қызыл тікенектермен қапталған, ал етінің реңкі ақтан алқызылға дейін өзгеріп келеді. Ол аздап бүлдірген мен ананас дәміне ұқсайды. Личи сергітуші әсерге ие.

Мангостинді "жемістердің ханшайымы" санайды. Адамдардың әртүрлі талғамына қарамастан ол көпшіліктің көңілінен шығады.Оның пішіні апельсинге ұқсайды, ал ішінде 6-7 ақ бөлік бар.

Пробиотиктер

Интернетте пробиотиктердің адам ағзасына тигізетін пайдасы туралы ақпарат толып тұр. Теледидардан құрамында пробиотиктер барын айтатын тағам жарнамалары да жиі көрсетіледі. Пробиотиктер – ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартуға ықпал ететін пайдалы бактериялар. Пробиотиктердің арқасында ағзадағы токсиндерді шығаруға және өнімдердің сіңуін жақсартуға болады.

Алайда пробиотиктердің дәрілік құрал түрлерін дәрігердің кеңесінсіз ішу ұсынылмайды. Оның орнына құрамында пробиотиктері көп тағамдарды жеуге болады: сұлы жармасы, мюсли, жаңғақ пастасы, қышқыл сүт өнімдері, ашытылған қырыққабат.

Кокос майы

Барлық тенденциялар салауатты өмір салтына және қажетті дәрумендерді алуға бағытталған. Кокос майының артықшылығы – оны қыздырған кезде ол канцероген бөлмейді және құрамын өзгертпейді. Сондықтан тамақ қуыруға кокос майын қолдануды ұсынады.

Кокос майы асқазан шырышына жақсы әсер етеді және қабынудан арылуға көмектеседі. Бұл майды тұмаудың алдын алатын құрал ретінде де қолданады. Оны көкөністі салаттарға пайдалануға болады, себебі ол кальций, магний және басқа да микроэлементтердің ағзаға жақсы сіңуіне ықпал етеді.

Кокос майының кемшілігіне оның жоғары калориясын жатқызады. Сондықтан артық салмақпен қиналатын адамдарға оны жеу ұсынылмайды. Кокос майын көп мөлшерде қолдануға болмайды, әйтпесе, ол жүрегіңізді айнытып, ішіңізді ауыртуы мүмкін. Кокос майын қалай қолдануға болатынын мына жерден оқи аласыз.

Теңіз балдыры

Қазір дүкендерден қоңыр және жасыл теңіз балдырларын, тіпті оның ұнтақ түрлерін де кездестіруге болады. Атақты жұлдыздар теңіз балдырларын тағамға қолданатынын айтып, кеңес беріп жатады.

Кей диетологтар бұл трендке күмәнмен қарайды, олардың ойынша кей балдырлар улы болып келеді. Сондықтан оны аларда оның қайдан келгенін және басқа да ақпаратты біліп алған жөн.

Ал басқалары сушиге қолданатын нори мен теңіз орамжапырағының пайдасы мол екеніне сенімді.

Маркетинг пен трендтердің әсеріне берілмей, әдетте жейтін пайдалы тағамдарыңыздан бас тартудың қажеті жоқ. Барлық нәрсенің шамасын біліп, жаңа өнімдерді бұрыннан жейтін тамақтарыңызбен үйлестіре біліңіз.

А. Жапатова