Сүтте де сансыз сыр бар - 4

Сүтте де сансыз сыр бар - 4

Бүгінге дейін сіздерге сүттің қасиеттері, әсіресе табиғи сүт туралы жан-жақты баяндап өткен болатынбыз. Алайда, табиғи сүт ішіп, оның барлық жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіру кез келгенімізге бұйыра бермейтіні тағы бар. Көбіне қала тұрғындары бұдан мақұрым қалып жатады. Дегенмен, «алма піс, аузыма түсті» күтіп жатпайтын пенде дүкенге барып, өзіне керекті сүт тағамдарын сатып ала алады. Ол үшін барлық жағдай жасалған, қораптағы сүттердің көптігі сонша, қайсысын таңдарыңызды білмей абдырап қаласыз.

Біздің бүгінгі кеңестерімізді дүкенге бармас бұрын оқып алғаныңыз жөн.

Дүкендердегі стерильді немесе пастерленген сүттердің сапасының қандай екендігін біз айтпасақ та жақсы білесіз. Өйткені, мұндай сүттер дүңгіршектерге жеткенше түрлі термикалық өңдеулерден өтеді.

Егер сіз өзіңізге қажетті сүт өнімінің сапасына сенімді болғыңыз келсе, тоңазытқыштары жақсы жұмыс істейтін, сенімді дүкендерге барыңыз және қорабында нақты көрсетілген сақтау мерзіміне назар аударыңыз. Мерзімнің қысқа болғаны абзал. Себебі, сүт тағамының сақтау мерзімі қаншалықты қысқа болса, соншалықты табиғилыққа жақын болып келеді. Егер ақпарат толық болмаса немесе мүлде көрсетілмеген болса, ойланыңыз! Мұндай тауарды сатып алуға тәуекел етуге бола ма?

Сүттің қорабы. Сүт өнімі қапталған қорапқа да назар аударыңыз. Түссіз бөтелкелер мен полиэтиленді қапшықтардағы сүт тағамына қарағанда,  бірнеше қабатты картон қораптар жақсы. Мұндай орамалар мықты әрі саңылаусыз болып келеді.

Әдетте сүт өнімдері бұрмалаушылықтарға жиі ұшырайды: оған су, майы алынған сүт, сода, консерванттар қосылады. Бірақ, қорапта бұл туралы көбіне хабарлана бермейді. Консерванттың, соданың немесе сүттің қосылғандығын өздігіңізден анықтай алмайсыз, есесіне, су туралы біліп алуға болады.

Ол үшін сүтті тырнаққа тамызыңыз, су қосылған сүт жайылып кетеді, ал қаймағы алынбаған сүт тамшы күйінде қалып қояды. Немесе сатып әкелген сүтіңізді стақанға құйыңыз. Сүтті стақанға құйғанда бетіне көпіршіктер шықса және олар біршама уақытқа сақталған болса, қуаныңыз, сіз сапалы сүтке тап болдыңыз. Керісінше жағдайға душар болсаңыз, келесі жолы сақ болуға тырысыңыз. Өйткені, мұндай сүттер аллергия тудыруы әбден мүмкін.

Кейде сүтті көшедегі лашықтардан, базарлардан немесе есіктің алдына келген жабық арбалар мен машиналардан сатып алатын кездер болады. Егер, өзіңіз жақсы танитын, сенетін адамыңыз болмаса, мұндай сүттерді пайдаланбауға тырысыңыз. Сүттің табиғи екендігін сатушы айтып тұрса да, оның сақталу мерзімін, сүт алынған сиырдың қандай екендігін сізге ешкім нақты айтып бере алмайды.

Сүтті сақтау. Сатып алған сүтіңіз бірнеше күннен кейін сапасыз шығып жатса, дүкендерге немесе өндірушілерге өкпелеп жатудың қажеті де жоқ. Өзіңіз сүтті қалай сақтадыңыз? Сатып алған сүтті бірден қораптан ыдысқа құйып қойыңыз. Сүтті эмальді немесе қыш ыдыстарда сақтаған дұрыс. Ыдыста ешқандай ақаудың жоқ екендігіне көз жеткізіңіз. Сүттің құрамындағы пайдалы заттар мен дәрумендерді сақтап қалу үшін салқын және қараңғы жерде сақтаңыз. 

Суреттер:popsop.ru,yugopolis.ru,softmixer.com,glavrecept.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева