Сүтте де сансыз сыр бар - 3

Сүтте де сансыз сыр бар - 3

Сүт туралы әңгімемізді жалғастырамыз.

«Қойдың сүті –қорғасын». Қазақтан өзге ұлттардың да негізгі қорегінің бірі саналатын қой сүті әсіресе Қырымда, Кавказ жағалауы елдері, Орталық Азия мен Солтүстік Кавказ жағалауы елдері, Орталық Азия мен Солтүстік Кавказда да танымал тағамның бірі. Зерттеушілердің айтуынша, қойдың сүтею кезеңі бес-жеті айға созылады екен. Алайда олар қоздағаннан кейін үшінші айының соңында немесе төртінші айының басында ғана сауа бастайды.

Қой сүті сұрғылттау ақ болады. Ол сиыр сүтімен салыстырғанда, ақуыз бен майға 1,5 есе бай болып келеді және онда А, В1,В2 дәрумендерінің мөлшері 2-3 есе көп болады. Қой сүті тағамға сауылған қалпында пайдаланылады. Дегенмен одан көбіне сүзбе немесе ірімшік тағамдарын дайындайды.

Ешкі сүті. Кавказ жағалауы елдерінде, Орталық Азияда және кейбір шет елдерде ешкі сүті көп қолданылады. Ешкінің сүті қойдың сүтіне қарағанда аппақ болады. Өзінің құрамы мен жұғымдылығы жөнінен сиыр сүтіне ұқсас келгенімен, ақуыз бен дәрумендерге бай болғандықтан, анағұрлым пайдалырақ. Сүзбе мен ірімшік жасағанда, қой сүтіне ешкі сүті қосылады.

Ешкі сүті әсіресе жас сәбилерге өте пайдалы. Ана сүтін жарытпайтын бөбекке сиыр немесе қой сүтіне қарағанда ешкі сүті жеңіл тиеді.

Ешкі сүті балаларды іш өтуден, Боткин ауруынан сауықтырады. Сондай-ақ, өкпе дертінен тез сауығуға септігін тигізеді. Оған қоса, сүтте сілті реакциясы болады, сондықтан оны асқазанның қышқылдығы жоғары адамдардың ішкені дұрыс. Сондай-ақ ешкі сүтінің түрлі аллергиялық ауруларға қарсы тұра алатын қасиеті бар, сол себепті теміреткісі, демікпесі және безгегі бар адамдар үшін де шипасы зор.

Қадым замандарда адам баласы алғаш қолға үйреткен хайуанаттардың бірі – ешкі түлігі. Бағаналы үйлер заманындағы мекендерге қазба жұмысын жүргізгенде, ешкінің сүйегі табылғандығы бұған айғақ бола алады. Калифорния университетінің ғалымдары ежелгі хайуанаттардың сүйектеріне терең зерттеу жүргізеді де, адамдардың ешкі мен қойды бұдан жүз ғасырдан астам бұрын қолға үйреткендігін дәлелдейді.

Сиыр сүті. Ерте замандарда ірі қараны қатты қастерлеген, кейде тіпті оны тәңірі тұтқан. Мысалы, вавилондықтар патшаларды бас пішінін адамның жүзіне ұқсас қанатты өгіз кейпінде бейнелеген. Өздеріңіз білетіндей, Үндістан халқы сиырға табынады. Үндістан астанасы Делиде тротуарға көлденең түсіп жатып алған сиырды қумай, құрметтей қарап, айналып өтетінін қазіргі уақытта да көруге болады.

Бала кезде сиыр сүтінің өнімдерін үзбей қолданған адамдар жүрек талмасымен ауырмайды екен. Бірлесіп зерттеу жүргізген Австралия мен Ұлыбритания дәрігерлері осындай қорытындыға келген.

Әуелгіде жаңа сауылған сүттің дәмі жағымды, тәттілеу болады, қаймағы алынбаған сүттің түсі ақшыл-сары, ал майынан ажыратылған сүт көкшіл келеді.

Жалғасы бар...

Суреттер: lojechka.ru,domodedovo.msk.slando.ru,dardeva.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева