- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: Қызанақ...
Массагеттен мәзір: Қызанақ қосылған бәліш
Дәмді әрі тойымды қызанақ бәлішін тек өзін бір тағам ретінде немесе жеңіл сорпаға қосымша ретінде ұсынуға болады. Салынды ретінде пісірілген ет, қуырылған саңырауқұлақ немесе шұжық салуға болады.
Қамырға қажетті ингредиенттер:
- 200 г ұн;
- 0,5 шай қасық тұз;
- 1 шай қасық қопсытқыш;
- 100 г айран;
- 60 г өсімдік майы.
Салындыға қажетті ингредиенттер:
- 1 үлкен пияз;
- 1 шай қасық қант;
- 1 шай қасық насыбайгүл (базилик);
- 1 шай қасық жебіршөп (тимьян);
- 100 г қаймақ (20-25%);
- 1 жұмыртқа;
- 1 шай қасық ащы емес қыша (міндетті емес);
- 50 г ірімшік;
- 0,5 шай қасық тұз;
- 300 г черри қызанағы немесе қарапайым қызанақ.
Айран мен өсімдік майын араластырыңыз.
Ұнды, қопсытқышты және тұзды араластырыңыз.
Ұнға айран қоспасын құйып, қамыр дайындаңыз.
Дайын қамырды пакетке орап, тоңазытқышқа 30 минутқа қойыңыз.
Пиязды жіңішке етіп тураңыз.
Пиязды майға қуырыңыз, ол жұмсара бастағанда оған қант пен дәмдеуіштер қосыңыз.
Пияз сарғая бастағанда, оттан алып, суығанын күтіңіз.
Ірімшікті үккіштен өткізіп, дайындап қойыңыз.
Черри қызанағы болғаны жақсы. Оны тең екіге бөлесіз. Егер қарапайым қызанақтар болса, онда тең екіге бөлмей, қалыңдығы 1,5 см болатындай етіп тураңыз.
Ыдысқа қаймақ, қыша, тұз және жұмыртқаны салып, жақсылап араластырыңыз.
Қаңылтыр ыдысқа пергамент қағазын жайып, оған қамырды салып, сол ыдыстың ішінен қолыңызбен қамырды жайыңыз. Оның үстіне пиязды салыңыз.
Пияздың үстіне қаймақ қоспасын құйыңыз.
Одан соң ірімшікті салыңыз.
Ең соңынан қызанақ тілімдерін саласыз.
Бәлішті 190 градуста қыздырылып тұрған пеште 35 минут пісіресіз.
Бәліш дайын!
А. Жапатова