- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: Құлпынай...
Массагеттен мәзір: Құлпынай бәліші
Жаз мезгілі келгенде жеміс-жидек түрлері де көбейеді. Соның ішінде құлпынайды ұнатпайтын адамдар өте аз болар. Құлпынай бәліші — керемет десерттердің бірі. Құлпынай бәлішін кез келген қамырдан (құмды, қатпарлы және ашытқы негізіндегі) жасауға болады. Бүгінгі материалда құлпынайдан дайындалатын бәліштің әзірлену жолын ұсынамыз.
Қажетті азық-түлік:
– 2 стақан сұлы қауызы (овсяная хлопья);
– 1 стақан қант;
– 1 шай қасық қопсытқыш;
– 100 гр кілегей майы (маргарин);
– 2 жұмыртқа;
– 400 гр сүзбе;
– 200-300 гр құлпынай.
Ыдысқа сұлы қауызын саламыз.
Оның үстіне қопсытқышты, жарты стақан қантты және кілегей майын саламыз.
Барлығын жақсылап араластырамыз. Егер сізде ұнтақтайтын арнайы комбайн болса, сол құралдың көмегімен араластырыңыз. Егер арнайы комбайн болмаса, блендермен араластырып көріңіз.
Бәліш пісіретін ыдысыңыздың түбіне пергамент қағаз жайып, сұлы қоспасының жартысын салыңыз.
Құлпынайды жуып, тазартып қоямыз.
Оны орташа етіп тураймыз.
Ыдысқа жұмыртқа мен қанттың қалғанын салып, екеуін жақсылап араластырамыз.
Жұмыртқа мен қантты араластырған кезде оның көлемі ұлғаюы керек. Содан соң оған сүзбені саламыз. Тағы да араластырамыз.
Бәліш пісіретін ыдыстағы сұлы қоспасының үстіне сүзбе қоспасын құямыз.
Оның үстіне туралған құлпынайды саламыз.
Құлпынайдан соң, сұлы қоспасының қалған жартысын саламыз. Қаласаңыз бәліш бетіне даршын себуге болады. Бәлішті 180 градуста қыздырулы тұрған пеште 40 минут шамасында пісіреміз.
Құлпынай бәліші дайын! Астарыңыз дәмді болсын!
А. Жапатова