Массагеттен мәзір: бәліш пісірудің оңай жолы

Массагеттен мәзір: бәліш пісірудің оңай жолы
Фото: Фариза Абилова

Сәлем, достар! Бүгін біз ет қосылған бәлішті пісірудің тез әрі оңай жолын көрсетеміз. 

1. Дүкеннен қатпарлы қамыр сатып әкеліңіз. Қамырды екіге бөліңіз. Бір бөлігі екіншісінен кішірек болуы керек. Оны еттің үстінен жауып, астындағы қамырмен қайырып, жабыстырасыз. Қамырды қатты жұқа етпей, жайыңыз.

2. Қамырды дөңгелек не тіктөртбұрыш тектес пішінді етіп жаюыңызға болады.

3. Қаңылтыр табаға қақтаманы (фольга) жайып, майлаңыз. Егер қақтаманы пайдаланғыңыз келмесе, табаны маргаринменн майлап, қамырды жаюға болады. Табаны орта не одан жоғары деңгейге қойсаңыз, күйіп кетпейді. Қамырдың бетіне алдын ала туралып, араласқан ет, картоп пен пиязды салыңыз.

4. Қамырдың екінші бөлігін жайып, ет пен картоптың үстінен жайыңыз. Астындағы қамырдың шетін қайырып, жабыстырыңыз.

5. Қамырдың бетін шанышқымен тесіп шығуға болады. Бұл қамырдың көтеріліп кетпеуіне жақсы.

6. Содан соң қамырдың бетіне жұмыртқа жағыңыз. Бұл бәліштің сарғыш, жылтыр болуы үшін жасалады. Жұмыртқаны жағу үшін суреттегідей щетка сатып алғаныңыз жақсы.

7. Пешті 200 градуста қыздырып алған соң, табаны салып, 180 градусқа дейін түсіреміз. Егер пешіңіз газбен қызатын болса, табаны мейлінше жоғары орналастырған жөн. Әйтпесе қамырдың асты күйіп, жабысып қалады, әрі тамақ толық піспейді. Егер пеш электронды болса, яғни асты-үсті толық қызатын болса, орта жағына қойып, пісіруіңізге болады.

8. 30 минуттан кейін бәлішіңізді тексеріп алыңыз. Негізінде бәліш 180 градуспен 45 минутта әзір болады.

Асыңыз дәмді болсын!

Ф. Абилова