- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: Жасымықтан...
Массагеттен мәзір: Жасымықтан жасалған крем-сорпа
Жылдам пісетіндіктен, крем-сорпа және езбе (пюре) дайындауда көп жағдайда жасымықтың қызыл түрін пайдаланады. Қызыл жасымық темір мен ақуызға бай. Қан аздық кезінде жақсы көмектеседі. Жасымықтың құрамындағы пайдалы заттар ағзаға жақсы сіңуі үшін оны көкөністі салаттармен бірге ұсынған жөн. Ендеше, жасымықтан ерекше крем-сорпа дайындаудың жолын ұсынамыз.
Қажетті азық-түліктер:
- 2 стақан қызыл жасымық (чечевица);
- 1 пияз;
- сарымсақтың 4 бөлігі;
- 1 үлкен сәбіз;
- 3 ас қасық кілегей майы (маргарин);
- 2 л қайнаған су;
- 1 үлкен картоп;
- тұз, қара бұрыш;
- 100 гр кілегей (сливки);
- кептірілген нан.
2 стақан жасымық аламыз.
Тамақты пісіріп бастамас бұрын жасымыққа су құйып қоямыз.
Қазанды қыздырып, оған кілегей майын саламыз.
Пиязды төртбұрышты етіп тураймыз.
Қазандағы қызып жатқан кілегей майына туралған пиязды саламыз.
Сарымсақты тураймыз.
Сарымсақты қуырылып жатқан пиязға саламыз.
Сәбізді үккіштен өткіземіз.
Сәбізді де қазанға салып, аздап қуырамыз.
Одан соң қазанға қайнаған су құйып, дәміне қарай тұз және қара бұрыш саламыз.
Суда тұрған жасымықты бірнеше рет сумен шайып, жақсылап тазартып аламыз. Содан соң оны қазанға саламыз.
Картопты орташа етіп тураймыз. Оны да қазанға саламыз.
20-25 минут қайнаған соң, қазандағы барлық ингредиенттер толықтай піседі. Барлығы піскен соң, қазанды үстелге түсіріп алып, ыстық күйінде сорпаны блендермен езбеге айналдырамыз.
Сорпаны блендермен біртекті болғанша араластырыңыз. Сорпадағы барлық ингредиенттер пісіп тұрғандықтан, көп уақытыңызды алмайды.
Сорпаны блендермен араластырып болған соң, оған кілегей құямыз.
Сорпаға кілегейді құйған соң, түсі өзгеріп, әдемі бола түскенін байқайсыз.
Крем-сорпаны безендіруге черри қызанағын, кептірілген нан және ақжелкен алдым. Жасымық крем-сорпасы кептірілген нанмен жақсы үйлесім табатындықтан, оның міндетті түрде болғаны жақсы.
Жасымықтан крем-сорпа дайын! Астарыңыз дәмді болсын!
А. Жапатова