Массагеттен мәзір: Безе

Массагеттен мәзір: Безе
Фото: massaget.kz

Безе (меренга) – жұмыртқаның ағынан дайындалатын десерт. Ол – француз аспаздарының ойлап тапқан керемет тәттісі. Безе дайындауға аз ингредиент кеткенмен және оңай көрінгенмен, ол кез келген адамның қолынан шыға бермейді. Сондықтан безе ойдағыдай шығу үшін дайындау барысында орындау керек негізгі ережелерді ұсынамыз. Бұл әдіс бойынша дайындалған безе қытырлақ және ауызға салған бойда еріп кетеді. 

Қажетті азық-түлік:

- 3 жұмыртқаның ағы;
- 150-200 г қант;
- 1 шым-шым тұз.

Алдымен жұмыртқаның ағын араластыратын ыдыстың шыны не темір болуын ескеріңіз. Ол ыдыс таза және құрғақ болуы керек. Ыдысыңызда су тамшылары болса, безе ойдағыдай шықпай қалады. Сондықтан қағаз майлықпен толықтай құрғатып алыңыз. Жұмыртқаны пайдаланғанға дейін тоңазытқышта тұру керек. Одан соң жұмыртқаның ағы мен сарысын екі бөлек ыдысқа саласыз. Сол кезде жұмыртқаның ағуызына сарысы тамып кетпеуі үшін мұқият болыңыз, бұл маңызды рөл атқарады. 

Жұмыртқаның ағын миксермен араластырып бастаймыз, алдымен оған 1 шым-шым тұз салуға болады. Оның бетінде көпіршіктер пайда бола бастаған кезде миксермен араластыруды тоқтатпай, аз-аздан қант салып отырамыз. Қантты шамамен 1 ас қасықтан саламыз. Жұмыртқаның ағын араластыруға барлығы 10 минуттай уақыт жұмсау керек. Оның дайын болғанын тексеру үшін 10 минуттай араластырғаннан кейін ыдысты төңкеріп қараңыз, сол кезде ол орнынан жылжымау керек.

Егер түрлі түсті безе жасағыңыз келсе, мынадай әдісті жасап көрсеңіз болады. Ол үшін аспаздық пакеттің немесе қарапайым пакеттің ішіне щетка арқылы бояуды жағып шығасыз. Содан соң пакетті соғылған жұмыртқаның ағымен толтырасыз.

Противень ыдысқа пергамент қағаз жайып, безелерді сығып, орналастырамыз. Егер арнайы аспаздық құралдар болмаса, қасықпен салуға да болады. Пешті алдын-ала 100-150 градусқа қыздырып қоясыз. Қай градусты таңдау әркімнің жеке пешіне байланысты. Біз 130 градуста пісірдік. Пеште минимум 1 сағат тұруы керек. Көп жағдайда безе 1-1,5 сағатта дайын болады. Безе дайын болған соң, пештің есігін ашып қойып, суығанын күту керек. Егер асығыс болса, ала беруге де болады. 


Безе дайын!

А. Жапатова