Массагеттен мәзір: Нәзік десерт

Массагеттен мәзір: Нәзік десерт
Фото: massaget.kz

Отбасы мүшелерін дәмді әрі жеңіл тәттімен қуантқыңыз келсе, қолжетімді ингредиенттерден дайындалатын нәзік десерт ұсынамыз.

Бисквитке қажетті азық-түлік:

- 3 жұмыртқа;
- 100 гр қант;
- 100 гр ұн;
- 1/3 шай қасық ванилин немесе ванильді қант.

Кремге қажетті азық-түлік:
- 1 жұмыртқаның сарысы;
- 80 гр қант;
- 70 гр сүт;
- 140 гр кілегей майы.

3 жұмыртқаға қарапайым қант және ванильді қант қосып, миксермен 3-4 минут араластырамыз.

Оған ұн салып, астыңғы-үстіңгі бөлігін жайлап араластырамыз.

Пеш ыдысына пергамент қағаз жайып, оған қамырды құйыңыз. Оны 180 градуста қыздырылып тұрған пеште 20-25 минут пісіреміз. 20 минут өткенше пешті ашып қарамаңыз. Одан соң тіс тазалағыш ши салып тексеріңіз. Егер ол құрғақ болса, бисквиттің дайын болғанын білдіреді. 

Бисквит толық суығанша күтеміз. 

Крем дайындауға кірісейік. Ол үшін 1 жұмыртқаның сарысына сүт құйып, оған қант салып, отқа қоямыз. Ол қайнаған соң, крем аздап қоюланғанша 3-4 минут баяу отта араластырып тұрыңыз. 

Оны ыдысқа құйып, суығанша күтеміз.

Бөлме температурасындағы кілегей майын 3-4 минут миксермен араластырамыз.

Кілегей майға суыған қоспаны аз-аздан құйып, миксермен араластырамыз. Крем дайын.

Бисквитті кішкентай төртбұрыштарға бөлеміз.

Бисквит бөліктерін кремге батырып, содан соң тәрелкеге қоямыз.

Десерттің бетін үккіштен өткізілген шоколадпен безендіреміз немесе ұсақтап туралған грек жаңғағы болса да ерекше дәм береді. Ас болсын!

А. Жапатова