- Негізгі бет
- Аспаздық
- Жартылай дайын тағамдарға...
Жартылай дайын тағамдарға қалай қарайсыз?
Технология қарыштап дамыған сайын адамзат баласының өмір сүруіне ыңғайлы жағдайлар көбейе түсуде. Солардың бірі – жартылай дайын фабрикат тағамдары. Бұлар: котлет, құймақ, тұшпара, манты, самса, фаршталған бұрыш, көкөністер, жемістер және тағы басқалар.
Әсіресе жұмысбасты немесе тамақ пісіруді онша ұната қоймайтын келіншектер үшін немесе бойдақ жігіттерге рахат-ақ. Қуырасыз ба, қайнатасыз ба, өзіңіз білесіз: 10-15 минуттың ішінде қалаған асыңыз дайын бола қалады.
Дүкен тоңазытқыштарына лық толған осы тамақтардың бәрі бірдей жарамды ма?
Көптеген тағамның сыртқы түрлерінен сапасын білуге болады. Ол үшін орамына мұқият қарап, алдымен әзірлеген мерзімін көріңіз. Содан соң тағамның сапасын зерттеңіз. Мысалы, тұшпара, вареник, самса, мантыларды тасымалдағанда, дүкендерде электр қуаты болмай қалған жағдайда сырты жарылып кетеді. Ал көкөністер мен жемістер пішінін жоғалтады, яғни, тағам пайдалануға жарамсыз болғандықтан, ондайларды алмаңыз.
Егер котлет, фрикаделька сияқты жартылай фабрикат тағамдар тым арзан болса, онда олар еттен емес, соядан жасалған деген сөз. Әрине бұған тыйым салынбайды, алайда өндіруші орамның сыртында соядан жасалғаны туралы ақпаратты көрсетуге міндетті.
Отбасындағылардың асқазандарында ешқандай ақау болмаса, жартылай фабрикат тағамдарын қолдана беруіңізге болады. Әсіресе қарқынды қатыру технологиясынан өткен тағамдардың бойында барлық қасиеті мен дәрумендері сақталады. Оның үстіне бұларды арнайы ерітіп, күтіп отырудың қажеті жоқ, сыртындағы нұсқаулығы бойынша қуырып немесе қайнатып, бірден пісіре беруге болады.
Ал фарш пен көкөніс, жемістерді ас әзірлеуден бір сағат бұрын ерітіп қоюыңызға тура келеді.
Осы айтылған жартылай фабрикат тағамдарына белгілі бір дәмдеуіштер қосып, дәмін келтіргеніңіз абзал. Дегенмен анда-санда болса да, бір дәмді тамақты үй ішіндегілерге өз қолыңызбен пісіріп бересіз деп үміттенеміз.
"Жартылай фабрикат" сөзіне балама ретінде қазақ тілі сөздігінде "дүмбілзат", "дүмбілдәм" деген сөздер ұсынылып жүр. Осы терминнің нағыз қазақша баламасы сіздердің ойыңызша қандай болуы керек?
Ұқсас жазбалар:
Классикалық асқабақ бәлішін дайындау
Ф. Абилова