- Негізгі бет
- Аспаздық
- Денсаулыққа пайдалы диета...
Денсаулыққа пайдалы диета - 7а
Арықтауға арналған диеталармен қатар ауырған кезде ұстайтын диеталар бар. Олар денсаулықтың мықты болуына септігін тигізеді. Дәрігер мамандар денсаулыққа арналған диеталардың аурудан тез айығуға әсер ететінін айтады. Оларды осы қасиетіне байланысты «денсаулыққа пайдалы диеталар» деп атайды. Денсаулыққа пайдалы диеталар белгілі бір дене мүшесінің қызметінің бұзылуына байланысты тағайындалады. Дұрыс таңдалған диета ішкен дәрілердің әсерін күшейтеді. Кезекті материалымызда олардың әрқайсысын сипаттап өтейік.
7а диетасы созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде тағайындалады. Ол ағзадағы азотты боқаттарды сыртқа шығарып, уремияны (бүйрек ауруынан пайда болған заттардан ағзаның улануы) болдырмайды.
№7а диетасын ұстаған кезде құрамында ақуызы мен тұзы аз тағамдар желінеді. Ақуыздың ¾ бөлігі жануарлар етінен алынады. Олар аминқышқылы ретінде жүреді. Тұзды лимонмен, көк шөппен алмастырады.
Бұл диетаны жеңіл тамақ жейтін күндері тағайындайды. Оны 20 күн ұстайды. Бұдан кейін науқасты №7б диетасына көшіреді. №7б диетасы күніне 40 г ақуыз тұтынуға ғана рұқсат береді.
Тұзды өте аз мөлшерде тұтынады. Шамамен тәулігіне 0,5 г. Науқас күнделікті 4-5 рет тамақ жейді. 0,5 л сұйықтық ішеді.
№7а диетасының химиялық құрамы: 20 г ақуыз, 80 г май, 350 г көмірсу, 1,5-2,5 г тұз, 0,7 мг ретинол, 5,5 мг каротин, 0,45 мг тиамин, 0,47 мг рибофлавин, 14,5 никотин қышқылы, 260 мг аскорбин қышқылы, 1,5 г натрий, 0,3 г кальций, 1,6 г калий, 0,2 магний, 0,016 г темір. Күнделікті тұтынатын тағамның жалпы калориясы – 2200 ккал.
Қандай тағамдарды жеуге болады?
Сүт, тұзсыз сары май, кілегей, қаймақ, макароннан әзірленген тағамдар, тұзсыз ақ нан, көкөніс, көк шөп, жеміс-жидек, итмұрын, жеміс-жидек шырыны.
Қандай тағамдардан бас тартамыз?
Тұз, кез келген балық, ішімдік, қызыл шай, кофе, какао, шоколад, дәмтатымдар.
Осыған дейін арықтауға арналған күріш диетасы, арықтауға арналған мұз диетасы, арықтауға арналған жұмыртқа диетасы, арықтауға арналған қант диетасы, арықтауға арналған құлпынай диетасы, арықтауға көмектесетін диета, жігіттерге арналған диета, тез арықтататын диета сынды диета түрін жазған болатынбыз. Олардың да көмегі тиер деген ойдамыз.
Қ. Бүйенбай