- Негізгі бет
- Аспаздық
- Денсаулыққа пайдалы диета...
Денсаулыққа пайдалы диета - 15
Арықтауға арналған диеталармен қатар ауырған кезде ұстайтын диеталар бар. Олар денсаулықтың мықты болуына септігін тигізеді. Дәрігер мамандар денсаулыққа арналған диеталардың аурудан тез айығуға әсер ететінін айтады. Оларды осы қасиетіне байланысты «денсаулыққа пайдалы диеталар» деп атайды. Денсаулыққа пайдалы диеталар белгілі бір дене мүшесінің қызметінің бұзылуына байланысты тағайындалады. Дұрыс таңдалған диета ішкен дәрілердің әсерін күшейтеді. Кезекті материалымызда олардың әрқайсысын сипаттап өтейік.
№15 диета ас қорыту мүшелері сау және өзге денсаулыққа пайдалы диеталарды қажетсінбеген кезде тағайындалады. Әсіресе емделіп, қалыпты тамақ жеу тәртібіне өткен кезде. Қара жұмыспен айналыспайтын, денсаулығы қалыпты адамдарға арналады. Құрамында дәрумені көп тағамдар ұсынылады. Тағамдар кез келген әдіспен, қалыпты температурада дайындалады. Ащы және қорытылуы қиын тағамдарды жеуге тыйым салынады.
Химиялық құрамы: 90-95 г ақуыз, 100-105 г май, 400 г көмірсу, 1,5-2 л – сұйықтық, 15 г – натрий хлориді. Бір күнде желінетін тағамның калориясы – 2800-2900 ккал. Күніне 4 рет тамақтанады.
Қандай тағамдарды жеуге болады?
- ақ және қара бидай ұнынан жасалған нан, ұнды тағамдар;
- борщ, щи, қызылша сорпасы, жарма мен көкөністен сүт қосылып әзірленген сорпалар;
- ет, балық, саңырауқұлақ, көкөніс, жемістен әзірленген сорпалар;
- мал еті мен балықтан әзірленген тағамдар;
- сосиска, қысқа шұжық, қайнатылған шұжық;
- табиғи сүтті тағамдар;
- асқан және тамаққа қосылған жұмыртқа;
- макарон мен жармадан әзірленген тағамдар;
- шикі көкөніс пен жемістер, көк шөп;
- жеміс және көкөніс шырыны, итмұрын қайнатпасы;
- шай, кофе, какао;
- сары май, өсімдік майы.
Қандай тағамдарды жеуге болмайды?
- малдың майлы еті, қаз бен үйрек;
- баяу балқитын мал майы;
- бұрыш, қыша.
Осыған дейін арықтауға арналған күріш диетасы, арықтауға арналған мұз диетасы, арықтауға арналған жұмыртқа диетасы, арықтауға арналған қант диетасы, арықтауға арналған құлпынай диетасы, арықтауға көмектесетін диета, жігіттерге арналған диета, тез арықтататын диета сынды диета түрін жазған болатынбыз. Олардың да көмегі тиер деген ойдамыз.
Қ. Бүйенбай